Қазақ айтысын зерттеген америкалық ғалым Назарбаев университетінде дәріс оқиды

Қазақ айтысын зерттеген америкалық ғалым Назарбаев университетінде дәріс оқиды
Фото: massaget.kz

Астана қаласындағы Назарбаев университетінде дәріс оқитын америкалық ғалым Эва-Мария Дубьюссонның қазақтың салт-дәстүріне қызығып, айтысты зерттеп жүргеніне бірнеше жыл болыпты. Бұл оның PhD тақырыбы болғанын айтады. Эва-Мария Massaget.kz тілшісіне Қазақстандағы зерттеу жұмысы туралы әңгімелеп берді.

 Сәлеметсіз бе, Эва-Мария! Қазақстанға қалай жолыңыз түсті?

Қазақстанға алғаш рет 1998 жылы Мичиган университетінде аспирантурада білім алып жүрген кезімде келгенмін. Орта Азия ұлттарының тілі мен мәдениетіне қызығып, жаңа зерттеу жобасын бастауға бел будым. Сол кезде менің Қазақстандағы ғылыми жетекшім Әлия Құлжанова (Әлия ханым қазір Оңтүстік Кореяда қазақ тілінен дәріс береді - Э.Д.) маған «қазақ айтысын» зерттеуді ұсынды. Үш жыл бойы Алматыда тұрақтап, айтыс туралы докторлық диссертация жаздым.

— Ал дәстүрлі айтысты зерттеу арқылы өзіңізге не түйдіңіз?

Бұл маған тың өнер болатын. Сондықтан бастапқыда өте қиын болды. Дегенмен өзім поэзияға қызығатындықтан тез алып кеттім. Алғашқы екі жылымды қазақ тілін меңгеруге жұмсадым. Себебі тілді білмей, сол тілдегі поэзияны түсіну мүмкін емес. Соның өзінде де өзге тілге қарағанда қазақ тілін үйрену көп уақытты алады екен. Ал айтыстың түрлері мен оның қоғамдағы орындалу салтын игердім. Айтыскерлердің суырып-салма өнеріне тәнті болдым. АҚШ-та поэзия белсенді түрде оқылмайды. Тек арнайы мектептерде ғана үйретіледі. Ал мұнда әр екінші қазақтың поэзияға бей-жай қарамайтындығына куә болдым.

— Назарбаев Университетінде қашаннан бері дәріс оқисыз?

Назарбаев Университетіне осы жылы ғана келдім. Себебі мұнда жақында ғана адам ресурстарын зерттеу ғылымын оқыту бағдарламасына қосты. Өкінішке орай, Қазақстандағы өзге университеттер антропологияны оқытпайды. Оған дейін Ыстамбұлдағы (Түркия) Богазичи университетінде ұстаздық еттім.

— Өзіңіз жайлы айта кетсеңіз.

Мен Канадада туылғанмын. Сосын жанұямызбен АҚШ-қа қоныс аудардық. Сол жақта бойжеттім, білім алдым. Мичиган университетінің Адам ресурстары бағыты бойынша антропологияны оқыдым. Нақтылап өтер болсам, тіл және мәдениетті зерттедім.

— Еліміздегі әлеуметтік-мәдени қарым-қатынаста қандай айырмашылықтарды байқадыңыз?

Жалпы қоғам шетелдіктерді жылы лебізбен қабылдайды. Қазақтардың қонақжайлығы туралы мұнда келмей жатып та естігенмін. Ал келгеннен кейін оған өзім куә болдым. Жастардың өзі өте білімді. Қазіргі таңда Назарбаев университетіндегі бірнеше студентіммен ғылыми жұмыс жазып жатырмыз. Олардың жан-жақты білімі мені күнде таңдандырады. Ағылшын тілін өзінің ана тіліндей игеріп алған.

— Астана қаласы туралы пікіріңіз қандай?

Бұл қалаға бірінші рет он жыл бұрын келген едім. Ол кезде қаланың құрылысы енді-енді жүріп жатқан еді. Кейін тағы бірнеше рет келгенімде қалада зәулім ғимараттар көбейіп, жылдам өсіп келе жатқанын көріп, қатты таңырқадым. Расында заманауи астана болуға лайық бас қаланың құрылуына куә болып келеміз.

— Сұхбатыңызға рақмет, Эва-Мария. Алдағы жұмыстарыңыз жемісті бола берсін!

Ж. Өрісбай