Forbes ең бай америкалықтар тізімін жариялады

Forbes ең бай америкалықтар тізімін жариялады
Фото: өңделген

Өз жұмысын АҚШ-тың ауқатты азаматтарының рейтингін жасаудан бастаған Forbes журналы осы жылғы басты миссиясын орындады. Аты әлемге танымал журнал ең бай америкалықтардың ТОП 400 тізімін жариялады.

Форбс 400 тізімінің ондығына Amazon компаниясының бас директоры Джефф Бэзос пен Facebook басшысы Марк Цукерберг алғаш рет еніп отыр. Бэзос бір жылда $16.5 миллиард табысқа жетіп, рейтингте төртінші орынға көтерілген. Оның жалпы капиталы – 47 миллиард АҚШ доллары. Ал Цукерберг $40.3 миллиард көрсеткішімен жетінші орыннан бой көрсетті. Nike компаниясының негізін салушы 77 жастағы Филл Найт биыл соңғы 18 жылда ең үздік жетістікке жетіп, ТОП 20 құрамына енді.

Fоrbes журналы жариялайтын ТОП 400 тізіміне кірудің өзі оңай емес. Ол үшін ауқатты америкалықтың кем дегенде $1.7 миллиард дивиденті болуы тиіс. Соның өзінде, АҚШ-тың 145 миллиардері тізімге ене алмаған.

Билл Гейтс $76 миллиардымен соңғы 22 жылда Forbes рейтингіндегі бірінші орынды бермей келеді. Билл қазіргі таңда өзі құрған Microsoft корпорациясының 13% акциясын иемденген. Оның досы Уоррен Баффет Berkshire Hathaway инвестициялық компаниясының табысы арқасында соңғы 14 жылдан бері екінші орында келеді. Баффеттің қаржысы $62 миллиардты құрайды. Үшінші орынға бизнестік бағдарлама қамтумен айналысатын Oracle компаниясының басшысы Ларри Эллисон тұрақтаған. Оның капиталы – $47.5 миллиард.

Бүгінгі таңда әлемдегі ең жас миллиардер атанған америкалық Эван Спигель биыл 25-орыннан көрінген. Стэнфорд университетінің түлегі Эван небәрі 25 жасында Бобби Мерфи есімді досымен бірге Snapchat мобильді қосымшасын құрастырады. Көп уақыт өтпей аталған қосымша $16 миллиард сомаға бағаланады.

Жалпы есеппен айтқанда, АҚШ-тың 400 ауқатты азаматының капиталы $2.34 триллионға жетіп отыр. Бұл өткен жылғымен салыстырғанда 50 миллиард АҚШ долларына көп. Ал жалпы соманы жекелей шаққанда әрбір миллиардерге $5.8 миллиардтан келеді. 

Ж. Өрісбай