Mouse-Box – поляктар ұсынған мини-компьютер

Mouse-Box – поляктар ұсынған мини-компьютер

Өткен жылы нарықта ең көп сатылған девайстар арасында смартфондар мен планшеттер көш бастап келген болатын. Сарапшылар ағымдағы жылда дербес компьютерге деген сұраныстың артатынын айтады. Осы межені ескере отырып, Польшада құрылған стартап компания компьютер маусының ішіне дербес компьютердің құрылымын бейімдей алған.

Маус ішіндегі мини-компьютердің концепті 4-ядролы процессор, Wi-Fi модулі, қозғалыс тетігі және 128 Гбайт жадыдан тұрады. Жоба авторларының айтуынша, маустың толыққанды компьютер қызметін атқаруы үшін тек қана монитор қажет.

Сымсыз гаджет Mouse-Box деп аталады. Көлеміне қарай оның қарапайым компьютер маусынан айырмашылығы жоқ. Сондықтан қолдану кезінде еш қолайсыздық реті болмайды. Кішкене компьютердің негізін Samsung Galaxy Note 10 планшетінде қолданылған ARM микроархитектуралық процессоры құрайды.

Mouse-Box құрылғысын мониторға немесе проекторға қосу қарапайым HDMI-сымы арқылы жүзеге асырылады. iPhone 6 смартфондарының жадысынан кем түспейтін жаңа девайстың мүмкіндігін арттыру да қарастырылып жатыр. Әзірге Dropbox немесе iCloud сынды ғаламтор бетіндегі сақтау қызметтерін пайдалануға болады.

Поляктардың өнімі проекторға ауа арқылы қосылып қана қоймай, сымсыз қуатталады. Ол үшін арнайы маустың астына төселетін индуктивті аппарат құрастырылыпты. Бұл маус тәріздес дербес компьютердің ешқашан қуаты таусылып қалмайтынын білдіреді.

«Mouse-Box» құрастырушылары өз өнімін «дербес компьютердегі ең қажет болатын екі модульдің біріккен нұсқасы» деп отыр. Төмендегі демо-видео жаңа құрылғының кеңсе мен үйдегі компьютер жабдығының аналогы болатынын көрсетеді.

Қазіргі кезде стартап бизнес өкілдері компьютер прототипін шығару үшін инвестор қарастыруда. Егер өнім сұранысқа ие болса, жаппай өндіруге енгізіледі. 

Сурет: betanews.com

Оқи отырыңыз:

Intel флешкамен бірдей компьютер шығарды

CES 2015. Әлемдегі ең кішкентай компьютер таныстырылды

Ұйықтар алдында компьютер қолданудың 5 зияны

Ж. Өрісбай