Әлемдік танымал брендтердің өсуі мен құлдырауы

Әлемдік танымал брендтердің өсуі мен құлдырауы
Фото: itc.ua

Интернетте әлемдік ең танымал брендтердің өсуі мен құлдырауынан ақпар беретін видео тарады. Interbrand агенттігі түзген статистикалық материалда әлемдегі ең беделді 15 компанияның 19 жыл ішіндегі көрсеткіштері сараланған.

- 6 минутқа жетер-жетпес видеода Google мен Apple компанияларының шарықтауы, Nokia компаниясының жарқын жылдары мен құлдырауы, сондай-ақ соңғы 19 жыл ішіндегі нарықтағы өзгерістер қамтылған, - деп жазылған хабарламада.

2000-2008 жылдар аралығында алғашқы ондықта өзгеріс болмаған. Үздік үштік: Coca-Cola, Microsoft және IBM.

2009 жылы Microsoft екінші орыннан сырғып, IBM бір саты жоғарылаған. Араға 3 жыл сала Google Microsoft компаниясын үздік үштіктен ығыстырды. Артынша Apple корпорациясы да Microsoft-ты басып озды.

2013 жылы Apple әлемдік брендтер тізімінде бірінші орынға көтерілді. Сол уақыттан бүгінге дейін көш бастап келеді. Ал Coca-Cola соңғы 5 жылда бесінші орынға бір-ақ түсті.

Nokia бренді 2001 жылы бесінші орында болған. 2011 жылы Apple бұл компанияны үздік ондықтан шығарды. Ал 2012 жылы Samsung бренді танымал болып, Nokia-ға үздік 15 бренд компания қатарынан да орын табылмады.

2014 жылы үздік 15 бренд компанияның қатарына Amazon қосылды. Бар-жоғы 4 жылдың ішінде бұл америкалық компания үздік үштікке бір-ақ көтерілді.

Брендтерді таңдаудағы талаптар:

- компания табысының кем дегенде 30 %-ы өзге елден болуы тиіс;

- бренд Азия, Еуропа, АҚШ және өзге де дамыған аймақтарда сұранысқа ие болуы керек;

- компанияның қаржылық көрсеткіштері туралы сенімді ақпараттардың болуы;

- компания табысы ұзақ мерзімді кезеңде капитал құнынан асып түсуі тиіс;

- бренд экономикасы дамыған елдерде танымал болуы маңызды;

Н. Үсенова