Стив Возняк жасанды сананың қауіпті екенін айтты

Стив Возняк жасанды сананың қауіпті екенін айтты

Apple компаниясының негізін салушылардың бірі Стив Возняк жасанды сананың технологиясы адамзат үшін қауіп төндіретінін айтты. 64 жастағы өнертапқыш Australian Financial Review басылымына берген сұхбатында болашақтың технологиясына бағытталған болжамдардың жүзеге асып жатқанын және олардың адам баласы үшін өте қауіпті екенін айтып өтті. 

«Компьютерлер адамнан саналы болып, озады. Егер біз өз өмірімізді жеңілдетеміз деп әртүрлі смарт-құрылғыны құрастыра берсек, олар бізден де ақылды болып, кейін санасы өзінен төмен адам баласының көзін құртуға тырысады. Сосын біз кім боламыз: Құдай ма, үй жануары ма әлде құмырсқа ма? Мен білмеймін», - дейді Стив Возняк.

Жасанды сананың бізге келтірер қатеріне қатысты Элон Маск, Стивен Хокинг сынды белгілі тұлғалардың пікірлерін жазған болатынбыз. Бұл екеуі де жасанды сананы дамытудың болашақтағы қаупі айтылатын «Болашақ Өмірдің Институты» (Future of Life Institute) атты ашық хаттың жазылуына ұйытқы болған.

Хаттың авторлары жасанды сананың қазірдің өзінде қауіп төндіріп жатқанын айтады. Нақтырақ айта кетсек, зауыт немесе фабрикаларда бірнеше функцияны тұрақты, қатесіз әрі тез жасайтын бағдарламаланған машинаның интеллекті миллиондаған адамды жұмыссыз қалдырып отыр.

Ал осыдан бірнеше апта бұрын электромобиль құрастырумен айналысатын Tesla Motors компаниясының басшысы Элон Маск болашақта адамзат үшін көлік жүргізу заңсыз болып саналатынын айтқан болатын. Мұның өзі де көлік жүргізушілерінің жұмыссыз қалуына әкелмек. 

Ғалымдар жоғары технологияның көмегімен дайындалған саналы роботтар әмбебап деңгейге жетіп, адам баласын шеттететінін айтып, алаңдауда. Расында қауіптенуге негіз бар сияқты. Boston Consulting Group сарапшылық фирмасының есебіне орай, 2025 жылы автоматталған операциялар 25%-ға өседі екен. Мұның алғашқы қадамдарын біз Жапонияның технологиясынан байқай аламыз. 

Сурет: upstart.bizjournals.com

Ұқсас жазбалар: 

Жасанды сана адамзат үшін қажет пе?

"Болашақта роботтар адамдарды басқарып кетеді"

Ғалымдар қоғамға арнап ашық хат жазды

Ж. Өрісбай