2015 жылдың ашылуға тиіс 10 жаңалығы #6

2015 жылдың ашылуға тиіс 10 жаңалығы #6

Ағымдағы жыл жаңа технологиялық ашуларға толы болмақ. Ғалымдар көпжылдық еңбектерінің нәтижесін осы жылда жариялауды жоспарлап отыр. Әлемдік экономикалық форумның (WEF) аясында таныстырылған жаңа жобалардың авторлары қоршаған ортаға зиянсыз технологияларды дамытуды көздегендерін айтады. Бұл орайда әлемдік инженер ғалымдарды екі түрлі пікірмен бөліп отырған жасанды сана технологиясы да өз нәтижесін беруі мүмкін екені де аталып өтті.

Жасанды сананың дамуы

Жасанды сана – компьютердің (роботтың) адам сияқты ойлау қабілетін қалыптастырумен айналысатын ғылым саласы. Соңғы жылдары жасанды сананың дамуы қарқын алып келеді. Айта кетсек, адамның өмірін жеңілдететін смарт-гаджеттер, адамның дауысын тани алатын смартфондар, әуежайлардағы адамның келбетін тану арқылы өткізетін терминал осыған мысал бола алады. Қазіргі кезде өзін-өзі басқаратын көліктер мен автоматты құрылымға ие ұшатын дрондар даму үстінде. Мысалы, жасанды санамен қамтамасыз етілген алғашқы Watson есімді робот сұрақтарға кез келген адамнан жылдам жауап береді.

Жасанды сана қоршаған ортаның өзгеруін пайымдап, оған қарай бейімделе алады. Бұл оны өзге де аппараттар мен бағдарламаланған құрылғылардан ерекшелейді. Ал дамыған жасанды сана тәуелсіз құрылымға ие болып, автоматты түрде кез келген ақпаратты жылдам игереді. Бастысы келесі ұрпақтың роботтық технологиясы жасанды санаға шектеу қоя алуы тиіс. Себебі роботтың интеллекті шексіз дамитын болса, адамның санасынан да асып түсуі әбден мүмкін.

Мысалы, өзін-өзі басқаратын көліктер мақсаты жолдағы орын алатын апаттарды жойып, адам өлімін азайту. Себебі бірдей жылдамдықпен бір бағытта жүруге дағдыланған көліктер бір-бірімен еш уақытта соқтығыспайтын болады. Ал өте ауқымды ақпаратты игеріп алған робот кез келген медицина қызметкерінен жақсы жұмыс істеуі сөзсіз. Қазіргі кезде Watson жүйесі қатерлі ісікпен ауыратын науқастарға компьютерлік диагностика жасауда қолданылып жатыр.

Дегенмен, ағымдағы жылдың қаңтар айында ғалымдар тобы жасанды сананың адам баласына қаупі орасан зор боларын айтып, қоғамға ашық хат жазған еді. Бұл үдерістің қаншалықты қауіпті екендігі Голливудтың «Мен, робот» немесе «Терминатор» сынды ғылыми-фантастикалық фильмдерінде де бейнеленуде. Сонымен қатар, жасанды сана адамға ғана тиесілі сезімдерді игеріп, адами құндылықтарға шек қоюы мүмкін.

Естеріңізге сала кетсек, жасанды сананы дамытуға байланысты әлемнің беделді ғалымдарының пікірлері туралы жазған болатынбыз. Мысалы, америкалық инженер әрі миллиардер Элон Маск пен британдық астрофизик Стивен Хокинг жасанды сананы дамытуға қарсы екендіктерін білдірсе, Google басшыларының бірі Эрик Шмидт пен Facebook әлеуметтік желісінің негізін салушы Марк Цукербергтер жасанды сананы басқаруда ұстауға болатынын айтты. Тіпті әлемдегі ең бай адам Билл Гейтс те бұл жақсылыққа алып келмейтінін мәлімдеді.

Расында бұл технология аадм баласы үшін белгісіз әлемнің жарығы іспеттес болып тұр. Жасанды сананың негізгі прототипі жасалғаннан кейін оның қаншалықты қауіпті болуы мүмкін екенін анықтауға болады. 

Сурет: moviepilot.com

Оқи отырыңыз: 

Жасанды сана адамзат үшін қажет пе?

Билл Гейтс жасанды сананың дамуына қарсы

"Болашақта роботтар адамдарды басқарып кетеді"

Ғалымдар қоғамға арнап ашық хат жазды

Ж. Өрісбай