Galaxy Tab S: Samsung планшеттерінің жаңа сериясы

Жақында Нью-Йоркте өткен арнайы шара барысында Samsung компаниясы Galaxy Tab S премиум-планшеттерінің жаңа сериясын таныстырды. Су жаңа өнімдер өте жеңіл, жұқа болуымен қатар, Super AMOLED сапалы дисплейлерімен жабдықталған.   

Сонымен бұл жолғы серияның құрамына диагоналі 10,5 және 8,4 дюйм болатын екі аппарат кіріп отыр. Екеуінің де экрандарының мүмкіндіктері 2560-қа 1600 нүкте.  

Galaxy Tab S дисплейлері өзіне түскен жарықтың мөлшерін анықтап соған сай бейімделуімен қатар, экран бетінде ашылған контенттің сапасына байланысты ең оптималды нұсқаны автоматты түрде таңдап, иесіне жоғары сапалы өнімді көруге не ойнатуға мүмкіндік сыйлайды. Осындай экранға ие смартфондар сияқты Tab S те жарықтың деңгейін, температурасы мен оның қанықтылығын және тағы да басқа параметрлерді өзі реттей алады.

Енді қос планшеттің капотын ашып көрсек... Бірден байқайтынымыз, қос аппарат та сегіз ядролы Exynos 5 Octa (4 x 1,9 ГГц, 4 x 1,3 ГГц) процессорымен жабдықталған. Оперативті жады 3 Гб құраса, тұрақтысы 16/32 Гб нұсқаларында шығарылған. Оны microSD картасы есебінен ұлғайтуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ 4G LTE Cat. 4 және Wi-Fi 802.11ac MIMO сымсыз байланыс модульдерінің де бар екендігін айта кетейік.

Екі девайстың да қалыңдығы 6,6 мм-ден аспайды. 8,4 дюймды моделі 294 грамм тартса, 10,5 дюймдысы 426 грамм болады. Алайда бір кемшілігі - жаңа өнімдер соңғы кезде смартфон өндірушілерінің арасында «міндетті іске» қауіпсіздік түрі ылғал мен шаң-тозаңнан қорғаныс қабаты қарастырылмаған.

Samsung Galaxy Tab S 10,5’’ аккумуляторы 7900 мА/сағ құраса, 8,4’’-те бұл көрсеткіш 4900 мА/сағ. Samsung өкілдерінің сөзіне сенсек, «планшеттер 11 сағат бойы видео ойнатуға шамасы жетеді».

Екеуі де Android 4.4 KitKat атты жаңа операциондық жүйемен жабдықталған.

Тағы бір жаңалық, Samsung бұл жолғы планшеттеріне саусақ іздерін танитын сканер орнатқан екен. «Үйге» батырмасының бетіндегі осы сканер арқылы смартфон тек иесіне ғана «есігін айқара ашады».  

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/qwpfT9jtsMk","width":"450","height":"320"});

Жаңа планшеттер биылғы жылдың шілде айында сатылымға шықпақ. Қолданушыларға аппараттар Wi-Fi – немесе Wi-Fi + LTE нұсқаларында және де бірнеше түсте ұсынылады. Ал бағасына келер болсақ, кішкене (8,4 дюймды) модель (тек Wi-Fi бар нұсқа) шамамен 100 000 – 105 000 теңге аралығында тұрса, Wi-Fi + LTE нұсқасы 110 000 – 115 000 теңгеге сатылмақ.  Ал Galaxy Tab S 10.5 моделі сәйкесінше 115 000 және 135 000 теңгеде сатылымға түседі деп күтілуде.

Сатып алушыларға бонус ретінде планшеттерді ыңғайлы етіп орналастыруға арналған қап немесе гаджетті ноутбукке айналдыра алатын Bluetooth-пернетақта ұсынылады.

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

Сурет: itar-tass.com