Start Up Village іс-шарасы туралы не білесіз?

Start Up Village іс-шарасы туралы не білесіз?

Ағымдағы жылы үшінші рет ұйымдастырылып жатқан және халықаралық деңгейге жеткен Start Up Village іс-шарасына Ресейдің «Сколково» қоры ұйытқы болып отыр. Аталған ауқымды іс-шара аясында ТМД елдерінен де инновациялық идеялардың жүзеге асырылуы үшін Стартап-тур ұйымдатырылып келеді. Кеше Алматы қаласында басталған Стартап-тур туралы кеңірек білу мақсатында Start Up Village ұйымдастырушысы Алина Сусловамен сұхбаттасқан едік.

- Сәлеметсіз бе, Алина. Алдымен әсем қала Алматыға қош келдіңіз дейміз. Қазақстанның оңтүстік астанасы ТМД елдерінің арасында Стартап-тур ұйымдастырып жатқан бірінші қала болып отыр. Жалпы іс-шараның ұйымдастырылу деңгейі қалай?

- Алматы қаласында Стартап-турды ұйымдастыруға Almaty Management University мен Almaty Tech Garden атсалысып жатыр. Қазақстандық жобаларды саралауға жоғары деңгейде жағдай жасалған. Одан қалса, БАҚ өкілдері де белсенділік танытуда.

- Стартап-турға кімдер қатыса алады?

- Стартап-турға өз жобасын танытуды мақсат еткен жеке кәсіпкерлер, инвестордың қолдауын қажет ететін стартаперлер, ғылыми қызметкерлер, студенттер, жас ғалымдар, бизнес жобалаушылар, тәжірибелі кәсіпкерлер, жалпы айтқанда, елдің инновациялық экожүйесін қалыптастыруға үлес қосқысы келетіндер қатыса алады.

- Соңғы үш жылдық тәжірибеге сай, көбіне қай саладағы бизнес идеялар басымдық танытып жатыр?

- Біз жобаларды негізгі биологиялық және медициналық, энергетикалық, ядролық, ғарыш және ақпараттық технологиялар (IT) сынды 6 сала бойынша саралаймыз. Мұның ішінде ең көлемдісі - ақпараттық технологиялар (IT). Ғаламтор дамуының ықпалына орай, жаңа жобалардың басым бөлігі IT негізінде болуда.

- Қазақстандық қанша жоба жеңімпаз атанып, Start Up Village халықаралық іс-шарасына жолдама алады?

- Жалпы жоспар бойынша 15 үздік қатысушы топты саралайтын боламыз. Олардың есімдері бүгін белгілі болмақ. «Сколково» инновациялық орталығының мамандарынан құралған қазылар алқасы адамзат үшін ең ұтымды әрі пайдалы болатын жаңа идеяларды іздестіруде. Ал жеңімпаздар ағымдағы жылдың маусым айының басында өтетін Start Up Village іс-шарасына тікелей жолдама алады.

- «Сколково» инновациялық орталығы туралы айта кетсеңіз.

- «Сколково» қорының құрылуына осыдан төрт жыл бұрын Ресей Федерациясының премьер-министрі Дмитрий Медведев ұйытқы болған. Мемлекеттік қорға негізделіп құрылған инновациялық орталық Еуразия, қала берді, бүкіләлемдік экожүйені қалыптастыруды мақсат етеді. Сколково – Мәскеуден алыс емес жерде орналасқан қалашық. Сколково күн санап үлкейіп келеді. Болашақта бұл қала әлемдегі ең алып технобақтардың бірі болмақ.

- Ал Start Up Village іс-шарасына қатысушылардың жалпы саны қанша?

- Қатысушылар саны жыл сайын артып келеді. Стартап-турда орташа есеппен 7 мыңға жуық жоба қаралады. Соның ең үздіктері Start Up Village іс-шарасына жолдама алады. Мысалы, 2013 жылы 200 ең үздік ресейлік және өзге шетелдік стартап-жобалар қатысқан болса, өткен жылы олардың саны тағы жүзге артты. Одан бөлек, іс-шараға қызығушылық танытқан инвесторлар, қаржы қолдауына ие болған стартап-компания өкілдері және БАҚ өкілдері бар. Мен сол іс-шараның ұйымдастурышысы ретінде барлығының жоғары дәрежеде өтуіне барынша атсалысамын.

- Start Up Village жеңімпаздары инвесторлардан бөлек қаржылай қолдауға ие бола ма?

- Иә, «Сколково» қоры оған арнайы қаржы бөліп отырады. Мысалы, ақтық сайысқа өткен әрбір қатысушыға 150 мың рубль беріледі. Сондай-ақ, бірінші орын – 900 мың рубль, екінші орын – 600 мың рубль, үшінші – 300 мың рубль ақшалай сыйға ие болады.

- Start Up Village қатысушылары тек ТМД елдерінен бола ма?

- Жоқ. Өткен жылғы іс-шарада 40-тан астам елден қатысушылар болды. Көбіне ТМД елдерінен қатысады, әрине. Дегенмен, одан бөлек, Таяу Шығыс пен Шығыс Еуропа елдерінен де келушілер көп. Мысалы, өткен жылы Израиль тұрғындары Start Up Village туралы естіп, қатысуға ниет білдірді.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Сурет: ©massaget.kz 

Оқи отырыңыз: 

Ресейлік StartUp Tour Қазақстаннан жаңа бизнес жобаларын іздейді

Apple және өзге де IT-компаниялар Boeing спутнигін сатып алғысы келеді

Элон Маск: «Болашақта адамзат үшін көлік жүргізу заңсыз болып саналады»

Ұшатын көліктер екі жылдан кейін жаппай сатылымға шығады

Ж. Өрісбай