Ұшатын көліктер екі жылдан кейін жаппай сатылымға шығады

Ұшатын көліктер екі жылдан кейін жаппай сатылымға шығады

Ғылыми-фантастика жанрында үнемі сөз етілетін ұшатын көліктер қол жетімсіз болып көрінетін. 1989 жылы экрандалған «Болашаққа қайтып 2» кинокартинасы 2015 жылы қоғамда аэромобильдердің пайда боларын дәйектеген еді. Әзірге бұл үдеріс көрініс тапқан жоқ. Дегенмен сенімді өзіне артқан AeroMobil компаниясы көкте ұшатын көліктерді 2017 жылға қарай шығаратынын мәлімдеді.

Өткен жылдың қазан айында словакиялық AeroMobil компаниясының басшысы Юрай Вацулик аэромобиль шығару жоспары туралы ақпарат берген болатын. Ал, кеше АҚШ-тың Остин каласында өткен South by Southwest фестивалінде екі жылдан кейін жаппай сатылымға шығатын аэромобильдің соңғы моделі таныстырылды.

Аэромобильдің қарапайым көліктен басты айырмашылығы оның жиналатын қанаттарында болып отыр. Компания көліктің корпусын барынша жеңіл материалмен дайындауға тырысуда. Қазіргі кезде AeroMobil ұшатын көлікке қозғалтқыштарды тәжірибеден өткізіп жатыр. Одан кейін краш-тесттен өтетін болады.

Бұдан бөлек, словакиялық компания жаңа транспорттың қолданысқа енуі үшін ресми рұқсат алуы керек. Себебі, көліктің еш кедергісіз белгілі бір бағытпен ұшуы үшін, алдымен оған арналған инфрақұрылым болуы қажет. Ғаламтордағы ресми ақпаратқа орай, аэромобильдер ұшақтың ұшу жүйесі мен әуежай қызметтерін пайдаланады. Дегенмен болашақта бөлек қону аймақтарын салу жоспарланған. Вацулик бірінші Еуропалық Одақтың келісімін алып, сосын жаппай сатылымды 2017 жылдан бастауға үмітті екенін айтады.

Алғашқы Flying Roadster моделі бензин негізінде жұмыс істейтін қозғалтқышпен жүреді. Көліктің қонуы немесе ұшуы үшін 300 метрлік жолақ жеткілікті болмақ. Ал оның әуедегі ең жоғары жылдамдығы – сағатына 200 шақырым, ал жердегі – 160 шақырым. Одан бөлек, ұшу шектеуі 650 шақырымнан аспайды.

Бастапқыда аэромобиль біршама қымбат болатындықтан, оны тек қалталы азаматтар ғана сатып алуы мүмкін. Дегенмен, жаңа технологияның дамыған сайын, өнім де арзандай түсетіні анық.

«Бізге жаңа төңкеріс қажет, әсіресе жаңа технология заманындағы төңкеріс», - дейді компания басшысы Вацулик. Егер Flying Roadster сатылымы жоғары нәтижеге жететін болса, AeroMobil ұшқышсыз басқарылатын ұшатын көлік түрін шығару жобасын жүзеге асырады.

Сурет: www.aeromobil.com

Оқи отырыңыз: 

Венада алғашқы ұшатын көліктің тұсауы кесілді (видео)

Жарты миллион еуро тұратын полиция көлігі

Porsche электромобильдер нарығына көшеді

iMove (Apple) электромобильдері 2020 жылға қарай шығады

Apple iPhone-ды қойып, электрокөлік шығаратын болды

Ж. Өрісбай