Apple және өзге де IT-компаниялар Boeing спутнигін сатып алғысы келеді

Apple және өзге де IT-компаниялар Boeing спутнигін сатып алғысы келеді

Boeing компаниясы ғарыштағы спутнигіне Apple, Google, Amazon және Facebook сынды компаниялардың қызығушылық танытып жатқаны туралы хабарлады. Ұшақ және ғарыштық техниканы құрастырумен айналысатын компания жылдың соңына дейін аталған компаниялардың бірімен келісімге келуді жоспарлап отыр. IT-компаниялар қолданушыларының өтінішіне орай, жылдам интернетке кіру мүмкіндігін беретін спутникке ие болуды мақсат еткен.

Google мен Facebook Жердің ғаламторы жоқ аймақтарына ғаламторды жеткізу жобасымен көптен бері айналысып келеді. Ал Apple компаниясының бұл идеяны қалай жүзеге асыратыны әзірге белгісіз болып отыр. Купертинолық компания жылдам жұмыс істейтін интернет мүмкіндігін локациялық және навигациялық өнімдері мен қызметтерінде ғана пайдалануы мүмкін. Жеке спутнигін құрастыру әлемдегі ең қымбат компания статусына ие Apple үшін де қиындық тудырады. Себебі Жердің орбитасымен айналатын геостационарлы спутникті құрастыруға қомақты қаржы керек. Әлемдегі алып мобильді операторлар да тұтынушыларға сапалы қызмет көрсету үшін Boeing сынды компаниялардың спутниктік қызметіне жүгінеді.

Google-дің SpaceX компаниясының инвесторына айналғанын хабарлаған болатынбыз. Себебі SpaceX стартап-компаниясының басшысы Элон Маск атмосфераның жоғарғы қабатында ұшып, қолданушыларды арзан интернетпен қамтамасыз ететін 4 000 спутнигін ұшыруды жоспарлаған. Айта кетсек, бұл жобаның іске асуына 10 миллиард АҚШ доллары мен бес жыл уақыт қажет болады.

Ескере кеткен жөн, геостационарлы спутниктер өте қуатты болғанымен, ауқымды қызмет көрсете алмайды. Және оның бағасы да әлдеқайда қымбат. Ал Space X жобасы орбитаға шықпағандықтан, арзанға түседі. Бірақ ғаламтор жылдамдығының мүмкіндігі шектеулі болмақ. Сол себепті Google Элон Маск жобасын қолдап отыр.

Сурет: www.aviationnews.eu

Ж. Өрісбай