Huawei IFA 2019 көрмесінде: 5G және сіз бен біздің болашағымыз

Huawei IFA 2019 көрмесінде: 5G және сіз бен біздің болашағымыз

Жыл сайын қыркүйек айының басында Берлинде қолданбалы электроника әлеміндегі ең айтулы көрменің бірі саналатын Internationale Funkausstellung немесе жай ғана IFA өтеді. Негізі бұл қызықсыз шара, тауар сатушылар үшін қызық болмаса, тұтынушылардың қызығушылығы керемет емес. Ал биыл көрмеге Huawei компаниясының стенді қойылып, компания шараға жаңа леп берді. Huawei әлемдік нарық үшін аса маңызды жаңалықтарын бөлісіп, жеке презентациясын өткізді. Оған әріптесіміз Алишер Ибраимжанов қатысып қайтты.

IFA 2019 6-11 қыркүйекте өтті. Huawei компаниясы бірінші күні-ақ конференция өткізді. Ашылу салтанаты өте әсерлі, ерекше болды – сахнада Rammstein әні шырқалып, жарық сөндіріліп, экранда атақты топтың клипі көрсетілді. Артынша сахнаға HUAWEI Consumer Business Group басшысы Ричард Ю шықты.

Мұндай сарындағы шаралардағы әдеті бойынша, Ричард компанияның жетістіктерін тізіп шықты, ал оның барлығы таңғалдырмай қоймайды. Huawei бірінші болып екі нейропроцессоры бар процессорды таныстырды. Көбі байқап жүрген болар, флагман смартфондардың камералары бір-бірінен аумаса да, суреттердің сапасы Huawei смартфондарында сапалы, қанық шығады. Бұл сол нейропроцессордың арқасы. Ол суреттерді өңдеп, ең нашар жағдайда түсірілген суреттің өзін құлпыртып жібере алады.

Кейін Ричард болашақ технология жайлы, мобильді жасанды интеллектінің екінші буыны жайлы айтып берді. Бұрын деректерді смартфон өзі өңдейтін еді, оған процессордағы арнайы чип жауап беретін. Бұл тәсілдің бір кемілігі болды, өңделетін деректердің көлемі аз болатын. Содан кейін екінші нұсқа ұсынылды – деректерді бөлек серверлерде жасанды интеллект арқылы өңдеу, бұл ретте деректер интернет арқылы жүктеледі. Бірақ мұнда басқа проблема бар – интернет жылдамдығы. 4G төртінші буын желісінің қазіргі мүмкіндігіне қарамастан, оның жылдамдығы үлкен деректерді жедел өңдеуге жеткіліксіз. Huawei бұл проблеманы аталған екі әдісті біріктіріп бесінші буын 5G арқылы шешті. Егер барлығы осындай оңай болса,  онда неге ешкім Huawei-ге дейін мұны жүзеге асырмады? Ричардтың бұл сұраққа да жауабы бар екен. Біріншіден, басқа компаниялар 5G модулін негізгі модемнен бөлек қолданады, яғни сіздің 4G-процессорға 5G желісін жанама жалғап қояды. Ал Huawei оны бір модемге біріктіріп қолданады. Екіншіден, Huawei процессоры желілерге еркін қосылуға бейім.

Модемді процессорға жалғағанда Kirin 990 чибінің көлемі кішірейді. Процессор кішірейген сайын, батарея қуаты да артық сарқылмайды. Мобильді гейминг дәуірінде барлығы құрылғының қаншалықты қуатты екенін көрсетіп, батарея қуатын үнемдеуді ұмытып кетеді. Мұнда да Huawei бәсекелестерінен озық шықты: өнімділігі жағынан 6 процент, энергиялық тиімділігі жағынан 20 процент ілгері.

5G-ге оралайық, ол туралы соңғы кезде жиі айтылып келеді. Практикада бұл технологияның пәрмені қандай? Мысалы 2 гигабайттық стандарт видеофайлды алып көрейік. 4G-дің максимал жылдамдығы 30 секундта фильмнің тек 12 процентін жүктейді, ал 5G арқылы бұл уақытта фильмді түгел жүктеп үлгеруге болады.

Одан бөлек, Huawei-дің әзірлемесінде бір сим-картада 5G-ді, екіншісінде 4G-ді қолдануға болады. Дәл қазір бәсекелестердің бір де бірі мұндайға қол жеткізген емес.

Huawei смартфондарының камерасы жасанды интеллект арқасында шаң жұқтырмай келеді. Енді оның барлық мықты қабілеті видеорежимге де қолданылады. Жаңа функциялардың арқасында енді видеоның фонын түсірілім кезінде ауыстырып қолдануға, адамды кадрдан өшіріп тастауға, адамдардың орнын ауыстырып тастауға болады. Бірақ ең ерекшесі – видео арқылы адамның жүрек қағысының жиілігін есептеуге болады. Бар болғаны камераға бірнеше секунд қарап тұрсаңыз болды, смарфон деректерді дайындап береді.

Презентация соңында Huawei смартфондары мен ноутбуктарының өзара әрекеті, байланысы көрсетілді. Смартфон экранындағы ақпаратты жедел ноутбукқа немесе керісінше алмастырып, суреттерді, видеоларды лезде, оңай көшіріп алуға болады.

Презентациядан кейінгі пресс-конференцияда Ричард Юге провокациялық сұрақтар көп қойылды. Бірақ компания өкілі еш қаймықпай, артық ойланбай, еркін жауап беріп отырды. Ең қызық деген тұстары мынау болды:

"Америкалық санкцияларға байланысты өз операциялық жүйемізді жедел ұсыну керек болды. Ол келесі флагманда (Р40 - ред.) қолданылмақ. Бұған дейін шығарылған смартфондар жұмыс істей береді және бұрынғы режимде жаңартылып отырады".

"Компания ноутбуктары Linux ашық операциялық жүйесімен шығарылады, ал қолданушылар өз қалауына қарай Windows-ты орната алады".

"Иілгіш смартфондар – біздің болашағымыз. Компания басшысының иілгіш Huawei MateX-пен жүргеніне жарты жылдан асты, әзірге ешқандай проблема болған жоқ".

"Huawei – 5G саласында ең көп патенті бар компания. Бұл бағытта жұмыс жалғаса бермек".

Біршама жаңа технологиялар мен әзірлемелер Huawei компаниясы қалай жылдам дамып, нарықта үлкен бәсеке тудырып жатқанын көрсетеді. Бұл біз үшін, қарапайым қолданушылар үшін тиімді. Санкцияларға қарамастан бұл үрдіс тоқтамайды, ал компания басшылығы өздерінің ашық диалогқа қаншалықты дайын екенін көрсетті. Компанияның дамуын бақылап отыру керек-ақ, себебі қазіргі технология ғасырында олар қысқа уақыт ішінде адамдар өмірін жақсартуға барын салып келеді.

Серіктес материалы

Massaget