Google көлігі 6 жылда 11 рет жол апатына ұшыраған

Google көлігі 6 жылда 11 рет жол апатына ұшыраған
Фото: www.androidheadlines.com

Ғаламтор алабының жүргізушісіз қозғалатын көлікті дамытумен айналысып жатқаны белгілі. Google Car технологиясының әмбебап үлгіге жетуінің тағы бір алғышарты қаралды. Енді компания инженерлері көлік апатына қатысты статистикалық ақпаратты анықтап, салдарының алдын алуды қарастырады.

Өзін-өзі басқаратын көлік алты жыл жүрген тәжірибе барысында бар болғаны 11 рет кіші сәтсіздікке ұшыраған. Соқтығыстар жеңіл болып, көбіне қарсы келген көліктердің жүргізушілері төтенше жағдайдың орын алуына себепкер болған.

Нақтырақ айта кетсек, Google көлігін жеті рет артынан келе жатқан автомобиль соғып жіберген. Одан бөлек, біреуі «Стоп» белгісіне тоқтамай соқтығысса, тағы үшеуі қарсы жолмен келерде сызықтан өтіп кеткен. Әйткенмен де, IT-компанияның смарт-көлігі барлық жағдайда апаттың алдын алуға тырысқан. 11 келеңсіз жағдайдың 8-і қала ішінде орын алыпты.

Көлікті құрастырушылар бұл статистиканың ескерілетінін айтып өтті. Енді инженерлер орын алған жол апаттарының алдын алу мақсатында айналасын бақылайтын арнайы тетіктер дайындамақ. Жаңа қосалқы құрылғылар көлікті кез келген келеңсіз оқиғадан аман алып қалатын болады.

Ұқсас жазбалар: 

Google жүргізушісіз көлік жасамақшы

Google-дың бірінші толыққанды жүргізушісіз көлігі келесі жылы шығады

Ж. Өрісбай