Билл Гейтс әлемді өзгертетін 3 технологияны атады

Билл Гейтс әлемді өзгертетін 3 технологияны атады
Фото: hype.ru

Жақында Билл Гейтс 22 инвестордан тұратын "Энергетикалық озық коалицияның" құрылғанын хабарлады. Инвесторлар қатарында Марк Цукерберг, Джордж Сорос және Ричард Брэнсон сынды танымал адамдар бар. Коалицияны "жасыл энергетиканы" дамытуға атсалысып жүрген компаниялар қаржыландырмақ. "Энергетикалық инновациялар: олар не үшін керек және оған қалай жетуге болады?" деген эссесінде Гейтс энергетика саласындағы  келешегі зор үш технологияны айтқан екен. Оның ойынша, бұл технологиялар әлемді өзгертуге қабілетті.

Күн химиясы: күн сәулесін отынға айналдыру

"Күн химиясы" жаңа отын жасау үшін фотосинтез әдісін қолданады. Гейтс бұған дейін жасанды фотосинтез туралы оң пікірін білдірген еді. 

Жасанды фотосинтездің дамуы Күн энергиясын сіңіріп, су молекулаларынан сутек отынын өндіретін құрылғылардың пайда болуына себеп болмақ. Бұл технология сондай-ақ, электрэнергетика, логистика салаларында да қолданылмақ.

Ағынды батарея: аккумулятордың жаңа түрі

"Жасыл энергетикадағы" ең маңызды нәрсе – энергияны сақтау. Ол үшін заманауи литий-ионды батареялардан әлдеқайда ұзақ жұмыс істейтін массив аккумуляторларды қолдану керек екен. Массив аккумулятор ағынды деп аталады, себебі энергия екі резервуарда айналып тұратын, электролиттерге толы сұйықтықтан пайда болады. Мұндай батареялар он жыл бойы жұмыс істей береді, ал литий-ионды батареялардың шамасы тек 2-3 жылға жетеді.

Күн бояуы: кез келген затты Күн батареясына айналдыру

"Күн бояуы Күн энергиясын барынша арзан әрі қолжетімді етеді", - дейді Гейтс. Оны кез келген затқа бояуға болады: ғимарат шатырына, қабырғаға, автокөлік сыртына. Арнайы жарақсезгіш қабаты бар бояуды жасап шығудың еш қиындығы жоқ деседі. Бір рет бояп қойған зат энергияны өздігінен түрлендіре береді.

Massaget.kz