Билл Гейтс 2018 жылдың ең үздік 5 кітабын атады

Билл Гейтс 2018 жылдың ең үздік 5 кітабын атады
Фото: obozrevatel.com

Әр жылдың желтоқсан айында Билл Гейтс дәстүр бойынша өзін шабыттандырған, ұнаған кітаптарды оқырманмен бөліседі. Бұл жолы оның таңдаған кітаптары тізіміне мемуардан бастап медитациялық шығармаларға дейін енген.

1. Тара Вестовер, "Оқушы" 
Тара ешқашан мектепке бармаған. 17 жасына дейін дәрігер қабылдауында болмаған. Себебі оның әкесі мармон болғандықтан ақырзаманның жақындап қалғанына қатты сенетін. Сол үшін де оның жанұясы өркениеттен шетте өмір сүреді. Өз естеліктерінде Вестовер білімге деген құштарлығының арқасында жанұясының әдет-ғұрыптарына қарсы шығып, Кембридж университетінде оқитындығы туралы жазады.

2. Пол Шарр, "Жауынгерсіз әскер" 
Көпшілік автоматтандырылған қару-жарақ туралы біле бермейді. Гейтс жасанды сана арқылы қару-жарақты автоматтандыру туралы білгісі келетін адамдар үшін бұл кітап таптырмас көмекші екенін айтады. Кітапта тың тақырыптар көтерілген. Автор автоматтандырылған қарудың оң және теріс жағын талдап жазады. Себебі, Шарр – АҚШ соғыстарына қатысқан ардагер, ол АҚШ-тың қаруды автоматтандыру туралы заң шығаруына көмектескен. 

3. Джон Каррейру, "Тексіз" 
The Wall Street Journal қызметкері Джон Каррейру Theranos медицина стартапының жетістікке жетуі мен құлдырауын жан-жақты дәлелдермен кітап етіп жазған. Гейтстің пікірінше, кітапта құрық бойламас қулық пен корпаративтік алаяқтық, БАҚ-ты дүр сілкіндірген оқиғалар, бұрын 10 миллиард долларға бағаланған компанияның құлдырауы сынды барлық оқиғалар қамтылған.

4. Юваль Ной Харари, "ХХІ ғасырдағы 21 сабақ" 
Билл Гейтс – бұл автордың тұрақты оқырманы. Хараридің жаңа кітабы – заманауи оқырманға арналған жаңашыл дүние. Егер 2018 жылдың соңындағы әлемде орын алған оқиғаларды түсінбей жатқан болсаңыз, аталған кітапты оқуға кеңес береміз.

5. Энди Паддикомб, "Медитация және сана" 
Билл Гейтс соңғы уақытта медитацияға қызығып жүргенін жаза бастады. Бұл кітап қарапайым студенттің қалай дәруішке айналғанын баяндайды. Егер сіз саналы өмірге ұмтылғыңыз келсе, бұл кітап өз көмегін береді.

Т. Раушанұлы