Xiaomi компаниясы смартфондарының атын түрлендірмек

Xiaomi компаниясы смартфондарының атын түрлендірмек
Фото: Gizmochina

Қытайлық компанияның смартфондары енді мүлде басқа атаумен, телефон нарығындағы жаңа бренд ретінде сатылмақ. Смартфон енді Poco немесе Pocophone атауымен жарыққа шығады. Бұл туралы компания өзінің Твиттердегі парақшасында хабарлады.

Смартфондар енді Xiaomi деп аталмайтындықтан, сәйкесінше оған компанияның логотибі де орналастырылмайды. Алайда, мобильді техниканың жасалынуына бұрынғыдай Xiaomi компаниясы бақылау жасай береді.

Жаңа бренд ретінде жарық көретін алғашқы смартфон Pocophone F1 деп аталмақ. Әзірше оның сатылымға шығу уақыты, нарықтағы алғашқы бағасы ресми түрде хабарланған жоқ.

Компанияның мұндай әдіске баруы телефон саудасындағы бақталастар үшін тосын жағдай емес. Осыған дейін Xiaomi-дің басты қарсыласы Huawei компаниясы да осындай қулыққа басып, Honor маркасын жеке бренд, жеке телефон ретінде шығаратынын хабарлап, бүгінде сол жоспарды түпкілікті жүзеге асырып жатыр.

Қытайлық компаниялар түрлі айла-тәсіл жасау арқылы бүгінде смартфон нарығын үздік флагмандармен толтыруда. Дәлел ретінде, Huawei P20 Pro телефонының шілде айында әлемдегі ең үздік смартфон атануын айтуға болады.

А. Қажиев