- Негізгі бет
- Техно
- Илон Маск туннель...
Илон Маск туннель құрылысын Чикагодан бастайды
"Forbes" мәліметтеріне қарағанда 20 миллиард долларлық қаражаты бар Илон Масктың компаниясы – "The Boring Company" Чикагодағы халықаралық әуежайда жоғары жылдамдықтағы пойыздың құрылысын бастау үшін бірнеше миллион долларлық тендерді ұтып алған.
Аталған жоба жер асты туннельдерін салудан басталып, ол жолда 16 адамдық капсула сағатына 160 шақырымдық жылдамдықпен қозғалады. Масктің айтуынша жол біткесін жолаушылар әуежайдан бар-жоғы 12 минутта қала орталығына шамамен 20-25 доллар қаражатпен жетіп алу мүмкіндігіне ие болады екен. Қазіргі күнде жолаушылар Чикаго транзит басқармасы поездымен қала орталығына 5 доллармен жетіп алады. Бірақ жол жүру уақыты 40 минут.
"Bloomberg"-тің хабарлауынша бұл 18 ай бұрын ғана құрылған компания үшін өте үлкен жеңіс. Бұл компания "дәлелденбеген футуристік идеялармен" жұмыс істейді, мұндай ауқымды істер үшін әлі тәжрибесі де жоқ. Бұған дейін компания Лос-Анжелес қаласы маңындағы "Хоторн" сынақ туннелін ғана салған.
"Біз жеңілуді ұнатпайтын жігітке және оның ресурстарына сеніп отырмыз. Жолда көптеген "Tesla"-лар жүр. Сонымен бірге ол "SpaceX" жобасын жүзеге асыра алды. Илон керекті нәрсенің бәрін дәлелдеп болды", – дейді қала мэрі Рэм Эмануэль.
Бұл жобаның ерекшелігі сол – оны мемлекет қаржыландырмайды. Құрылыстың барлық шығынын жоба бастаушы компания көтереді. Құрылыс Масктың компаниясына қаншаға түсетіні әзірге белгісіз. "Chicago Tribune"-нің мәлімдеуіне қарағанда шығын кемінде 1 миллиард доллар болады екен.
Естеріңізге сала кетейік, біз бұан бұрын "Tesla" мыңдаған қызметкерін жұмыстан босатқаны туралы жазған едік.
Т. Раушанұлы