Еуропа лигасы. "Астана" "Санта-Коломаны" ұта алмады

Еуропа лигасы. "Астана" "Санта-Коломаны" ұта алмады
Фото: "Астана" ФК

Футболдан Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңі басталды. Чемпиондар лигасынан шығып қалған "Астана" бұл турнирдегі алғашқы ойында Андорраның "Санта-Колома" клубымен тең түсті.

Андорра-ла-Вельяда өткен ойында гол соғылған жоқ. Командалар 0:0 есебімен тең тарқасты.

Екі команда биылғы еурокубок маусымын Чемпиондар лигасынан бастаған. Елордалық клуб Румынияның ЧФР командасына жол берсе, "Санта-Колома" Косованың "Ферроникели" клубынан аса алмаған.

Андорралық командаға қарсы ойында "Астана" айқын фаворит болған. Бірақ бірінші таймда алаң иелері қақпасына көп қауіп төндіре қойған жоқ. Екінші таймда Фирмин Мубеле мен Рунар Мар Сигурьонсонның алаңға шығуы да командаға жеңіс сыйламады.

"Астана" мен "Санта-Колома" арасындағы қарымта ойын 1 тамыз күні Нұр-Сұлтанда өтеді. "Астана Аренада" болатын ойын сағат 20:00-де басталады. Екі кездесу нәтижесі бойынша жеңіске жеткен команда Чемпиондар лигасында "Валлетта" (Мальта) мен "Ференцварош" (Венгрия) клубтары арасындағы жеңілгенімен ойнайды.

25 шілде күні Еуропа лигасында тағы қазақстандық екі команда жарыс жолына шығады. "Ордабасы" Чехияның "Млада Болеслав" клубымен, "Қайрат" Израильдің "Хапоэль Беэр-Шева" командасымен кездеседі. Қарымта ойындар 1 тамыз күні өтеді.

Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне 94 клуб қатысуда.

Н. Үсенова