Еуропа лигасы. "Ордабасы" "Торпедоны" екінші ойында да ұтты

Еуропа лигасы. "Ордабасы" "Торпедоны" екінші ойында да ұтты
Фото: Ордабасы ФК

Шымкенттің "Ордабасы" футбол клубы Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне шықты. Кахабер Цхададзе жаттықтыратын команда Грузияның "Торпедо" клубын қарымта ойында да айқын ұтты.

Тбилисидегі Михаил Месхи атындағы стадионда өткен ойында қазақстандық клуб қарсыластарын 2:0 есебімен ұтты. Ойындағы екі гол да екінші таймда соғылды.

82 минутта Марат Быстров қалдырған пастан кейін Мирзад Механович есеп ашты. Ол өз мүмкіндігін асқан шеберлікпен пайдаланды. Алаңға 73 минутта Кирилл Ковальчуктың орнына шыққан еді.

Кахабер жасаған тағы ойыншы алмасу да өз нәтижесін берді. 61 минутта Алексей Щеткиннің орнына шыққан Зиги Бадибанга соңғы минутта "Торпедо" қақпасының торын тағы да тулатты. Нәтижесінде екі ойын қорытындысы бойынша "Ордабасы" 3:0 есебімен екінші кезеңге жолдама алды.

Шымкент қаласының командасы Еуропа лигасы ойындарына алғаш рет 2013 жылы қатысты. Бірінші іріктеу кезеңде Сербияның "Ягодина" клубынан өтті. Екінші кезеңде Норвегияның "Русенборг" командасынан аса алмаған еді. 2016, 2017 және 2018 жылдары команда бірінші іріктеуден өте алмай, жарысты ерте аяқтап келген.

Биыл "Ордабасы" екінші іріктеу кезеңде Чехияның "Млада Болеслав" клубымен ойнайды. Бірінші ойын 25 шілде күні Чехияда, қарымта ойын араға бір апта салып Шымкентте өтеді.

Айта кетейік, Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңіне шыққан тағы екі қазақстандық клуб бар. Бірі - "Астана", бірі - "Қайрат". Елордалық команда Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінен аса алмай, осында ауысса, Алматының командасы бірінші кезеңде "Широки Бриегті" жарыс жолынан шығарды. Қостанайдың "Тобыл" клубы болса Люксембургтің "Женесс" командасын жеңе алмай, жарысты ерте аяқтады.

Н. Үсенова