KZ Pro League: алғашқы кәсіпқой лиганың тұсауы кесілді

KZ Pro League: алғашқы кәсіпқой лиганың тұсауы кесілді
Фото: avangar

CIS Esports League мен AVANGAR киберспорт ұйымы еліміздегі Counter-Strike: Global Offensive ойыны бойынша алғашқы кәсіпқой лиганың тұсауын кесті.

Енді еліміздегі киберспортшылар FaceIT тәуелсіз платформасында Қазақстанда орналасқан серверлерде бақ сынайтын болады. KZ Pro League деп аталатын алғашқы кәсіпқой лига Counter-Strike: Global Offensive ойыны бойынша өтеді. 

Бұл турнирдің арқасында қазақстандық ойыншылар беделді Еуропа лигаларының іріктеуіне қатыса алады. Бұған дейін қазақстандық киберспортшылардың басты проблемасы  жоғары пинг болатын. Енді қазақстандық киберспортшылар пингі 30* көрсеткішінен көп болмайды.

Алғашқы турнирдің жүлде қоры 1000 АҚШ долларын құрамақ. Тұрақты маусымнан бөлек, апта сайын әр түрлі турнирлер өткізеледі. Ал болашақта KZ Pro League үздік ойыншылары Еуропаның ең беделді турниріне (FPL) жолдама алады. 

FaceIT - Солтүстік Америка, Еуропа және ТМД елдеріндегі киберспорт жарыстарын өткізуге арналған ашық ойын платформасы. 2012 жылы Лондонда ашылған бұл ұйымда ойыншылар сапалы сервер ашып, өзіндік турнир ұйымдастыруға, сапалы ойындарды ойнауға мүмкіндік алады. 

Қазіргі таңда елімізде әлемге танымал екі киберспорт командасы бар. Атап айтқанда: AVANGAR және Gambit командалары. AVANGAR - 2016 жылы Қазақстанда құрылған бұл ұйымда танымал Counter-Strike:Global Offensive және PlayerUnknown's Battleground ойындарынан сынға түсетін командалар бар. Бұл ұйымның жігіттері екі ойыннан да жақсы нәтижелерге жетті. Қазір командада төрт қазақстандық ойыншы өнер көрсетеді. Атап айтқанда: Тимур Төлепов, Айдын Тұрлыбеков, Алексей Голубев және Бектияр Бақытов. Ал команданың капитаны - ресейлік ойыншы Али Джами. 

Gambit Esports - Ұлыбританияда орналасқан киберспортқа бағытталған ұйым. Бұл ұйымның Gambit.CIS атты еншілес командасы бар. Gambit Gaming ұйымының CS:GO командасы біраз жыл әлемнің үздіктері саналды. Құрамында Ресей мен Қазақстанның ең мықты деген ойыншылары жиналған. Осыдан үш жыл бұрын Gambit ұйымы Hellraisers командасының үш бірдей ойыншысымен келісімшартқа отырады. Атап айтқанда: Дәурен AdreN Қыстаубаев, Рүстем mou Телепов және Михаил Dosiа Столяров. Бұлардан бөлек команданы Дмитрий hooch Богданов пен Ян wayLander Рахконен толықтырды. Аталмыш бестік алғашқы турнирінде-ақ жеңіс тұғырынан көрінді. CIS Minor Championship — Columbus 2016 оффлайн-жарысында қарсылас шақ келтірмеген Gambit командасы чемпион атанады. Артынша команданы күшейту үшін тәжірибелі Абай HObbit Қасенов пен Даниил Zeus Тесленконы қатарына қосады. Дәл осы сәттен соң Gambit жарқын жеңістеріне қол жеткізді. Польшаның Краков қаласында өткен PGL Major Krakow 2017 әлем біріншілігінде күтпеген жерден Gambit командасы CS:GO ойынынан чемпион атанды.  

Айбар Рысдәулет

Massaget