Киберспорттан ел намысын қорғап жүрген командалар

Киберспорттан ел намысын қорғап жүрген командалар
Фото: Gambit Esports

Жақында елімізде ресми спорт түрі ретінде танылған киберспортқа деген қызығушылық соңғы жылдары артып келеді. Отандық киберспортшылар жүлде қоры миллионды құрайтын бірнеше турнир өткізіп те үлгерді. Осының арқасында біздің жігіттер өздерін жақсы қырынан көрсетіп, ТМД елдерінің алдыңғы қатарлы командаларына шақырту алды. Дегенмен, бізде де ел намысын қорғап жүрген командалар бар. Әңгіме солар жайлы өрбімек.

Киберспортқа сәл де болсын қызығатындар "Gambit Esports" және "Avangar" атауларын естіген. Бұл екі команда дәл қазіргі уақытта көк туымызды халықаралық жарыстарда желбіретіп жүр. Осы бір ұжымдарға тоқтала кетсек.

"Gambit Esports" - Ұлыбританияда орналасқан киберспортқа бағытталған ұйым. Бұл ұйымның Gambit.CIS атты еншілес командасы бар. Осыдан үш жыл бұрын "Gambit" ұйымы Hellraisers командасының үш бірдей ойыншысымен келісімшартқа отырады. Атап айтқанда: Дәурен «AdreN» Қыстаубаев, Рүстем «mou» Телепов және Михаил «Dosia» Столяров. Бұлардан бөлек команданы Дмитрий «hooch» Богданов пен Ян «wayLander» Рахконен толықтырды. Аталмыш бестік алғашқы турнирінде-ақ жеңіс тұғырынан көрінді. «CIS Minor Championship — Columbus 2016» оффлайн-жарысында қарсылас шақ келтірмеген Gambit командасы чемпион атанады. Артынша команданы күшейту үшін тәжірибелі Абай «HObbit» Қасенов пен Даниил «Zeus» Тесленконы қатарына қосады. Дәл осы сәттен соң "Gambit" жарқын жеңістеріне қол жеткізді. Польшаның Краков қаласында өткен "PGL Major Krakow 2017" әлем біріншілігінде күтпеген жерден "Gambit" командасы CS:GO ойынынан чемпион атанады.

Алайда біраз уақыттан соң командадан Абай «HObbit» Қасенов, Даниил «Zeus» Тесленко және Дәурен «AdreN» Қыстаубаев кетті. Қазіргі сәтте "Gambit" сәтсіз маусымдарының бірін өткізіп жатыр. Дегенмен бұл команданың жарқын жеңістері әлі алда деп сенеміз.

Екінші командамыз - "Avangar". 2016 жылы Қазақстанда құрылған бұл ұйымда танымал Counter-Strike:Global Offensive және PlayerUnknown's Battleground ойындарынан сынға түсетін командалар бар. Бұл ұйымның жігіттері екі ойыннан да жақсы нәтижелерге жетті. CS:GO және PUBG құрамдары онлайн және LAN турнирларында, іріктеу жарыстарында алдыңғы қатарлардан көрініп жүр. Бір жарым жылда "Avangar" ТМД елдерінде - екінші, әлемдік рейтингіде 17-ші орынға көтерілді.

Киберспорт - жылдам дамып келе жатқан спорт түрі. Жуырда еліміздің серверлерінде Орта Азияға арналған FaceIT-де бөлек хаб ашылатыны белгілі болды.

FaceIT - ашық ойын платформасы. Бұл жерде ойыншылар сапалы бөлек сервер ашып, өзіндік турнир ұйымдастыруға, сапалы ойындарды ойнауға арналған. Бұған дейін қазақстандық киберспортшылар CSGO ойынын Valve серверінде ойнайтын. Ендігі киберспортшыларымыз жаңа белестерді бағындыратынына сенеміз!

Дайындаған: Айбар Рысдәулет

Massaget