Қазақстандық киберспортшылар әлемдік турнирдің үздігі деп танылды

Қазақстандық киберспортшылар әлемдік турнирдің үздігі деп танылды

Қазақстандық "Avangar" киберспорт командасының ойыншылары Катовицеде өткен турнирдің үздіктері тізіміне енді.

CIS Minor Championship — Katowice 2019 турнирінде "Avangar" командасы қарсылас шақ келтірмей, жеңіске жеткен еді.  Финалда Winstrike Team командасын 2:1 есебімен ұтып, 30 мың АҚШ доллары мен IEM — Katowice Major 2019 турниріне жолдаманы иеленді.

Турнирдің үздіктері рейтингінде "Avangar" командасының төрт бірдей ойыншысы алғашқы ондықтан орын алды. Тимур "Buster" Төлепов турнирдің үздік ойыншысы деп танылды. Ал Алексей "Qikert" Голубев екінші сатыға жайғасты. Үздіктер үштігін команда капитаны Али "Jame" Джами түйіндеп тұр. Бектияр "Fitch" Бақытов 9-шы сатыда орналасқан. Команданың тағы бір өкілі Айдын "KrizzeN" Тұрлыбеков 13-шы орында.

HLTV жаңартылған рейтингінде біздің командамыз 17-орынға жайғасқан. Көш басында даниялық "Astralis" командасы. Екінші сатыға украиналық "Natus Vincere" ұжымы орналасқан. Ал үздік үштікті "mousesports" еуропалық кәсіпқой командасы түйіндеп тұр. 

2016 жылы Қазақстанда құрылған бұл ұйымда танымал Counter-Strike:Global Offensive және PlayerUnknown's Battleground ойындарынан сынға түсетін командалар бар. Бұл ұйымның жігіттері екі ойыннан да жақсы нәтижелерге жетті. CS:GO және PUBG құрамдары онлайн және LAN турнирларында, іріктеу жарыстарында алдыңғы қатарлардан көрініп жүр. 

Алдағы бірер айда Астана қаласында Киберспорт академиясы ашылады деп жоспарланып отыр. Жобаның жұмыс атауы Esports Academy болмақ. Академияда CS:GO тәртібі бойынша дайындық жүргізіліп, шеберлік сағаттары мен 12-20 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында жарыстар өткізіледі.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар