Елімізде Киберспорт академиясы құрылады

Елімізде Киберспорт академиясы құрылады
Фото: Immaginie Fotos

Елімізде жастарға арналған Киберспорт академиясы құрылады. Алғашқы орталық алдағы бірер айда Астана қаласында ашылады деп жоспарланып отыр.

Жобаның жұмыс атауы Esports Academy болмақ. Академияда CS:GO тәртібі бойынша дайындық жүргізіліп, шеберлік сағаттары мен 12-20 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында жарыстар өткізіледі. Бұл ойын әлемде жақсы танымал. CS:GO бойынша көптеген ұйымдар бар және әр түрлі деңгейдегі жарыстар өтіп тұрады.

Алдын ала бағам бойынша елімізде 1,5 миллионға жуық белсенді ойыншылар бар. Ал бұл спорт түрін елімізде дамыту үшін «Qazaq Cybersport Federation» ұйымы құрылған. Аталмыш ұйым жарты жыл ішінде Қазақстанның тоғыз қаласында өкілдігін ашты. Кәсіпқой киберспорт командасын құрып, Индонезияда өткен Азия ойындарына Қазақстан құрамасын жасақтап жіберді.

Айта кетейік, елімізде әлемге танымал "Gambit Esports" және "Avangar" командалары бар. Құрылғанына аз ғана уақыт болса да бұл командалар түрлі деңгейдегі әлемдік турнирлерде топ жарып, біздің киберспортшылардың мықтылығын дәлелдеп жүр.

Massaget