Головкин мен Альварес мамырда жұдырықтаспайды

Головкин мен Альварес мамырда жұдырықтаспайды
Фото: twitter.com, MMA Mania

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен (38-1-1, 34 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес (51-1-2, 35 КО) мамыр айында жұдырықтаспайды. Оскар де ла Хойя басшылық ететін промоутерлік компанияның өкілі америкалық Дэниель Джейкобспен қолғап түйістіретін болды.

Сауль Альварес пен Дэниель Джейкобс арасындағы жекпе-жек 4 мамыр күні өтетіні ресми түрде хабарланды. Екі боксшы да чемпиондық атақтарын қорғайды. Мексикалық орта салмақта WBC, WBA (Super) және The Ring журналы чемпиондық белбеулеріне ие болса, америкалық IBF чемпионы. Бокс кеші қайда өтетіні әзірге айтылған жоқ.

Айта кетейік, Геннадий Головкин екеуімен де жұдырықтасқан. 2017 жылдың наурыз айында отандасымыз Madison Square Garden кешенінде Дэниель Джейкобсты ұпай айырмасымен ұтып, өз чемпиондық атақтарын қорғап қалған болатын. Ал қыркүйекте мексикалық боксшымен кездесіп, төрешілер шешімі бойынша тең түсіп қалған-ды.

2018 жылдың қыркүйек айында GGG мен "Канело" екінші рет шаршы алаңда жолықты. Жекпе-жек жоспарланған 12 раунд бойы өтіп, жеңімпазды төрешілер анықтады. Олардың шешімі бойынша мексикалық жеңіске жетіп, Гена алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты.

Ө. Сансызбай