Джейкобс Головкиннен кейінгі жекпе-жегінде жеңіске жетті

Джейкобс Головкиннен кейінгі жекпе-жегінде жеңіске жетті
Фото: vk.com

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинмен алғаш рет 12 раунд бойы жұдырықтасқан америкалық боксшы Дэниел Джейкобс шаршы алаңға қайта оралды. 8 айдан кейін жекпе-жек өткізіп, отандасы Луис Ариасты жеңді.

Дэниэл мен Луис арасындағы жекпе-жек 12 раундқа созылды. Төрешілер шешімі бойынша 118-109, 120-107 және 119-108 есебімен Джейкобс жеңімпаз шықты. Ал Ариас болса кәсіпқой бокста алғаш рет жеңілді.

Дэниел Джейкобс НВО арнасы және жаңа промоутері Эдди Хирнмен келісімшартқа қол қойғаннан кейінгі де алғашқы жекпе-жегін өткізді.

Айта кетейік, Дэниел Джейкобспен болған жекпе-жекте Геннадий Головкин төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетіп, WBA тұрақты чемпиондық атағын жеңіп алған еді.

Бруклинде өткен бокс кешінде АҚШ-та полицей болып қызмет жасайтын қазақ Димаш Ниязов та шаршы алаңға шықты. Америкалық Агустин Маураспен жұдырықтасып, алты раундқа жоспарланған жекпе-жекте бесінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Ө. Сансызбай