Головкин мен Альварес үшінші рет Мексикада жұдырықтасуы мүмкін

Головкин мен Альварес үшінші рет Мексикада жұдырықтасуы мүмкін
Фото: HBO Boxing

Қазақстандық танымал кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен орта салмақта WBC, WBA (Super) чемпиондық атағы мен екінші орта салмақта WBA (Regular) белбеуі иегері Сауль "Канело" Альварес үшінші рет Мехикода (Мексика) жұдырықтасуы мүмкін, - деп хабарлайды Vesti.kz.

"Канелоның" командасы 4 мамыр күні Лас-Вегастағы T-Mobile Arena кешенінде жекпе-жек өткізу үшін жарна төлеп қойған. ESPN басылымы ақпараты бойынша 14 қыркүйекте Мехикодағы "Ацтека" стадионында тағы бір жекпе-жек өткізуді жоспарлауда екен. Дәл осы жерде отандасымыз Геннадий Головкинмен (38-1-1, 34 КО) жұдырықтасуы бек мүмкін. Бұл туралы мексикалық боксшының өзі тұспалдап та жеткізген болатын.

Golden Boy президенті Эрик Гомес ESPN-ге берген сұқбатында "Ацтека" стадионы жекпе-жек өткізуге айрықша орындардың бірі екенін айта кеткен. "1993 жылы Хулио Сезар Чавес пен Грег Хауген арасындағы жекпе-жекке 130 000 жанкүйер келген стадионда жекпе-жек өткізуге ұсыныс түсті. Онда бірнеше келіссөз жүргізгеннен кейін анық-қанығы белгілі болады, - дейді Гомес.

Айта кетейік, 15 желтоқсан күні Сауль Альварес Нью-Йорктегі Madison Square Garden аренасында британдық Рокки Филдингпен жұдырықтасып, қарсыласын нокаутпен жеңді. Екінші орта салмақтағы алғашқы жекпе-жегін сәтті аяқтап, WBA чемпиондық белбеуін иеленді.

Ө. Сансызбай