"Ливерпуль" "Манчестер Ситиді" қарымта ойында да ұтты

О Сансызбай Корреспондент
"Ливерпуль" "Манчестер Ситиді" қарымта ойында да ұтты
Фото ©️ vk.com

Ағылшынның "Ливерпуль" футбол клубы араға 10 жыл салып барып Чемпиондар лигасының жартылай финалына шықты. Юрген Клопп шәкірттері "Манчестер Ситиді" қарымта ойында да қапы қалдырды.

БӨЛІСУ

Футбол жанкүйерлері камбэкті Римдегі ойыннан емес, Манчестерден күткен. Көпшіліктің назары да осы ойынға ауған еді. Тіпті 3 минутта Габриэль Жезус "Манчестер Ситиді" есепте алға шығарғанда, елдің құлағы елеңдей түскен. Бірінші тайм аяқталғанша алаң иелерінің есепті еселеулеріне тамаша мүмкіндіктері болған. Бірде қақпа бағанынан қайтса, бірде соғылған голын төреші есепке алмады. Төрешіге дөрекі сөйлеген алаң иелерінің бас жаттықтырушысы Хосеп Гвардиола алаң жиегінен қуылып, ойынды тек сырттан бақылады.

56 минутта Мұхаммед Салах есепті теңестіргеннен кейін, алаң иелерінен жартылай финал жолдамасының ауылы алыстады. 77 минутта Кайл Уокерден допты тартып ала білген Роберто Фирмино "Ливерпульге" жеңіс сыйлаған голды соқты.


"Манчестер Сити" соңғы үш ойында да ұтылды. Бір апта бұрын "Ливерпульге" 3:0 есебімен есе жіберсе, сенбі күні "Манчестер Юнайтедтен" (2:3) ұтылған болатын.

Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан тағы бір команда – "Рома". Римдік клуб қарымта ойында "Барселонаны" 3:0 есебімен ұтып, камбэк жасады. Ал 11 сәуірден 12 сәуірге қараған түні "Бавария" – "Севилья", "Реал" – "Ювентус" командаларының қарымта кездесулері өтеді.