Римдегі рекорд. "Барселона" жартылай финалға шыға алмады

Римдегі рекорд. "Барселона" жартылай финалға шыға алмады
Фото: vk.com

"Барселона" футбол клубы Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыға алмай қалды. Римде өткен қарымта ойында каталондық клуб "Ромадан" 3:0 есебімен ойсырай ұтылды.

Бірінші ойында 4:1 есебімен жеңіске жеткен "блауграна" Римге бейқам келгендей. Ойын басталысымен алаң иелерінің ширақ шабуылы "Барселона" қорғаушыларының мазасын қашырды. 6 минутта Жорди Альба мен Умтити шабуылшы Эдин Джекодан көз жазып қалды. Ал өз кезегінде тәжірибелі шабуылшы мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Де Росси асырған допты қонақтар қақпасында тулатты.

Бірінші тайм аяқталғанша "Рома" ойыншылары тағы гол соғуға асықты. "Барселона" ойыншыларынан "жартылай финалға шыға алмай қаламыз-ау" деген үрей байқалмады. Месси бірнеше айып соққысынан доп бағыттап көргенмен, гол соға алған жоқ.

56 минутта "Рома" ойыншыларының камбэк жасауға үміттері еселенді. Каталондық клубтың қорғаушысы Жерар Пике Эдин Джекоға қарсы ойын ережесін бұзды. Бас төреші Турпен ойлана келе "Барселона" қақпасына пенальти соққысын белгіледі. Де Росси 11 метрлік айып соққысын сәтті орындады.

Екінші голдан кейін "Олимпико" стадионындағы жанкүйерлердің қолдауы еселене түсті. "Романың" үшінші голды соғып, камбэк жасауын күтті. Римдік команда жанкүйерлерінің үддесінен шықты. 83 минутта Манолас бұрыштамадан асырылған допқа бірінші жетіп, баспен қия ұрды. Доп қонақтар қақпасының төрінен табылды. Ары қарай "Барселона" ойыншылары бір гол соғуға ұмтылғанмен, нәтиже болмады. Каталондық клуб ойыншыларында мүмкіндік болмады емес, болды да. Бірінде сәттілік жетіспесе, бірінде бір-бірлеріне доп беруде қателесті. Осылайша сырт алаңда соққан голдың нәтижесінде "Рома" жартылай финалға жолдама алды. Әйтпесе, қос ойын қорытындысы бойынша есеп 4:4 болған.


"Рома" 34 жылдан кейін барып қана Чемпиондар лигасының жартылай финалына шығып отыр. Соңғы рет римдік ұжым 1983/84 жылғы маусымда финалға дейін жетіп, пенальти сериясында "Ливерпульге" жол берген.

Чемпиондар лигасының жартылай финалына шыққан екінші команда – "Ливерпуль". Юрген Клопп шәкірттері "Манчестер Ситиді" қарымта ойында да ұтты. Ал 11 сәуірден 12 сәуірге қараған түні "Бавария" – "Севилья""Реал" – "Ювентус" командаларының қарымта кездесулері өтеді.

Н. Үсенова