Головкин мен Альварес арасындағы екінші жекпе-жек өтпей қалуы мүмкін бе?

Головкин мен Альварес арасындағы екінші жекпе-жек өтпей қалуы мүмкін бе?
Фото: vesti.kz, The Boxing News (vk.vom)

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы екінші кездесу 5 мамырға белгіленген еді. Бүгін белгілі болғандай, отандасымыздың қарсыласының қанынан допинг табылды.

Спорт жанкүйерлері қос боксшы арасындағы кездесу өтпей қала ма деп алаңдай да бастады. Билеттер де сатылып кеткен. Десе де спорт сарапшыларының көпшілігі бұл жекпе-жектің өтпей қалуына күмәнмен қарайды.

Невада штатының Атлеттер комиссиясы (NSAC) Сауль Альвареске қатысты тергеу жұмыстарын бастап та кетті. Las Vegas Review-Journal басылымына NSAC басшысы Боб Беннетт арнайы сұхбат беріп, жағдайды түсіндіре де кетті.

- Қазіргі уақытта жекпе-жек өтпейді деген ресми мәлімет жоқ. Бірақ жекпе-жек өтпей қалуы да мүмкін. Біз әлі тергеу жұмыстарын өткіземіз. Шешім шығарғанға дейін әлі біраз нәрсені тексеруіміз керек. Сондықтан дәл қазір нақты шешім шығару үшін бізде ақпарат жеткіліксіз", - дейді Беннет.

ESPN телеарнасы мен АҚШ-ғы танымал спорт сарапшыларының бірі Дэн Рафаэль Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы жекпе-жектің өтпей қалуына сенбейді.

- Невада штатындағы Атлеттер комиссиясы (NSAC) тергеу жұмыстарын бастап кетті. Олар мұндай жағдаймен алғаш рет айналысып жатқан жоқ. Менің білуімше, олар Канелоға тағы допинг тапсыруын сұрайды. Соңында бұл жекпе-жек өтетін болып шешіледі.

Соңғы жылдары дәл осындай жағдаймен допинг бақылаудан өте алмаған мексикалық боксшылар біршама. Әсіресе Франциско Варгас Орландо Салидомен кездесу алдында осындай жағдайға тап болды. Ол кезде комиссия қайта қарап, жекпе-жек өткен болатын. Олардың жүлде қоры мен табысын Головкин мен Альварес арасындағы кездесумен салыстыруға келмейді. Қаншама қаржы айналымы болатын кездесу өтпей қалады дегенге сенбеймін, - дейді сарапшы.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Виктор Демьяненко Vesti.kz сайтының тілшісіне берген сұхбатында ерекше жайды тілге тиек еткен. Бокс маманы екінші жекпе-жек өтпей қалатынына сенбейді.

- Бұл жағдай екінші кездесуге кедергі болмайды деп ойлаймын. Қанша адам билет сатып алды. Мен мұны жекпе-жекке жасалған бір жарнама деп ойлаймын. БАҚ-та үлкен дау болады. Бәріміз білетіндей, Оскар де ла Хойя – нағыз креативті промоутер. Қандай жағдай болсын, Головкиннің командасынан бір шешім күтеміз, - дейді қазақстандық маман.

Қос боксшы екінші кездесу алдында Лос-Анджелесте көз арбасып, баспасөз қызметкерлерінің сұрақтарына да жауап берген болатын. Қазіргі таңда интернет желісін қолданушылар мексикалық боксшыны келемеждей де бастады. Себебі Альварестің командасы кленбутерол препараты боксшының қанына ет арқылы түскенін хабарлаған болатын. 

Айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес 5 мамыр күні Лас-Вегастағы "T-Mobile Arena" кешенінде (бірінші кездесу де осында өткен) жұдырықтасады. Бұл күні Мексиканың ұлттық мейрамы Синке де Майо тойланады. 1862 жылдың осы күні Мексика әскері Пуэбла қаласында француз әскерін жеңген. Бұл күні Мексикада түрлі фестивальдар мен карнавалдар ұйымдастырылады. Кей өңірлерінде бір аптаға дейін атап өтіледі.

Ө. Сансызбай