Әлем чемпионатына жолдама алған барлық ұлттық құрама белгілі болды

Әлем чемпионатына жолдама алған барлық ұлттық құрама белгілі болды
Фото: fifa.com

Футболдан 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатына қатысатын барлық ұлттық құрамалар белгілі болды. Соңғы болып жолдаманы Перу құрамасы жеңіп алды.

Перу соңғы жолдамаға Жаңа Зеландиямен таласты. Қос құрама арасындағы бірінші ойында 0:0 есебі тіркелсе, бүгін таңда Лимада өткен ойында 2:0 есебімен Перу құрамасы жеңіске жетті. Джеферсон Фарфан мен Кристиан Рамостың соққан голдары алаң иелеріне жеңіс сыйлады.

Сонымен Ресейдегі әлем чемпионатына Еуропадан Ресей, Франция, Португалия, Германия, Сербия, Польша, Англия, Испания, Бельгия, Исландия, Швеция, Швейцария, Хорватия және Дания құрамалары қатысады.

Оңтүстік Америка құрлығының намысын Аргентина, Бразилия, Колумбия, Перу және Уругвай құрамалары қорғайды.

Азиядан әлем біріншілігінде Аустралия, Иран, Сауд Арабиясы, Оңтүстік Корея және Жапония құрамалары бақ сынайды. 

Африка құрылығының намысын Мысыр, Марокко, Нигерия, Тунис және Сенегал құрамалары қорғаса, Солтүстік Америкадан Мексика, Коста-Рика және Панама құрамалары қатысады.

2018 жылғы әлем біріншілігінің финалдық кезең жеребесі 1 желтоқсан күні Мәскеуде тартылады. Командалар төрт-төрттен сегіз топқа бөлінеді. Ал турнирдің финалдық кезеңі 2018 жылдың 15 маусымы мен 15 шілдесі аралығында Ресейдің 11 қаласындағы 12 стадионда өтеді.

Айта кетейік, әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне Исландия мен Панама құрамалары өз тарихтарында бірінші рет шығып отыр. Қалған құрамалар бұған дейін әлем біріншілігінің финалдық кезеңіне шыққан. 

Ө. Сансызбай