Миландағы трагедия. Италия құрамасы әлем чемпионатына шыға алмай қалды

Миландағы трагедия. Италия құрамасы әлем чемпионатына шыға алмай қалды
Фото: sportarena.com

Футболдан 2018 жылы Ресейде өтетін әлем чемпионатына жолдама алған тағы бір құрама белгілі болды. Ол – Швеция құрамасы. Ал шведтерге екі ойын қорытындысы бойынша жол берген Италия құрамасы жолдамасыз қалды.

"Скуадра адзурраның" әлем чемпионатына шыға алмауы – италиялық жанкүйерлер үшін трагедия болды. Себебі Италия құрамасы 60 жылдан бері әлем чемпионатына қатысып келген. Тіпті әлем чемпионы атанғандарына да көп уақыт өткен жоқ. 2006 жылы Германияда өткен доп додасында топ жарды. Сөйткен Италия құрамасы Ресейдегі мундиалға жолдама ала алмады...

Іріктеу кезеңінде "G" тобында болған италиялықтарға топтан бірінші орын алу бақыты бұйырмады. Басты қарсыласы саналған Испания құрамасымен бір ойында тең ойнап, екінші ойында 3:0 есебімен ұтылды. Нәтижесінде 23 ұпаймен топта екінші орынға тұрақтады. Екінші орын арқылы қосымша жолдамаға таласта жеребе таңдауы шведтерге түсті.

Миланда өткен ойында "скуадра адзурраға" тек жеңіс керек еді. Себебі бірінші ойында италиялық футболшылар Швеция құрамасына 1:0 есебімен ұтылды. Алайда қарымта ойында да шведтердің қорғаныста қарымы жоғары болды немесе Италия құрамасының ойыншылары ойнай алмай опық жеді...

Италия құрамасының сәтсіздігін спорт сарапшылары сан тұрғыдан талқылауда. Бас жаттықтырушы Джампьеро Бентураның атына айтылар сын көп. Құрамадағы жұмысын жалғастыруы енді екіталай. Шабуылшы Маноло Габбьядини италиялық маманның сенімінен шықпады. Чиро Иммобилеге сәттілік жетіспеді. Стефан Эль-Шааравидің берген пастарынан нәтиже шықпады.

Джампьеро Бентура бас жаттықтырушы болғанда қарсы шыққандар көп болды. 68 жастағы маман тым егде көрінген. Тіпті оның ойын жүйесін футболшылардың өзі түсінбей қалған сәттер болды. Швецияға қарсы бірінші ойында 3+5+2 ойын жүйесін ұстанып, артынша 4+2+4 ойын жүйесіне көшті. Нәтижесінде Лоренцо Инсинье Марко Вераттидің орнына шығып, ойламаған жерден өз орнын (позициясын) таппай қалды.

Бас жаттықтырушы ұлттық құрама құрамын жиі алмастырып тұрды. Мұның өзі ойыншылардың өзара түсінісуіне кедергі болды. Ал Чиро Иммобиле, Марко Верратти мен Антонио Кандрева Джампероның ойын жүйесіне көңілдері толмайтынын әлдеқашан айтқан болатын.

Қош, сонымен Италия құрамасы әлем чемпионатымен қоштасты. Ұлттық құрамадағы тіс қаққан ардагерлер ойыншылар да жанкүйерлеріне алғысын айтып, құрамадағы мансаптарын аяқтады. Әсіресе капитан Джанлуджи Буффонның көз жасы футбол жанкүйерлерінің көңілін босатты. Андреа Барцальи, Джорджо Кьеллини мен Даниэле Де Росси де Италия құрамасымен қош айтысты.

Италияның әлем чемпионатына шыға алмауы – трагедия болса, Швеция құрамасының жолдамаға ие болуы – ерлік деп санауға болады. Әйтсе де шведтер жан алысып, жан берісетін құрама екені бұрыннан-ақ аян. Скандинавия түбегі елі бұл жеңістерін сенсация деп бағаламауы да мүмкін. Өйткені сенім артқан жанкүйерлері мол болды. Енді оларды мазалап жүрген бір сұрақ қана. Златан Ибрагимович ұлттық құрамаға орала ма?

Италия - Швеция 0:0 (бірінші ойын - 0:1)

Италия: Буффон, Барцальи, Бонуччи, Кьеллини, Кандрева (Бернардески 76), Жоржиньо, Пароло, Флоренци, Дармиан (Эль-Шаарави 63), Иммобиле, Габбьядини (Белотти 63)

Швеция: Ольсен, Лустиг, Линделеф, Гранквист, Аугустинссон, Классон (Роден 72), Юханссон (Г. Свенссон 19), Ларссон, Форсберг, Берг, Тойвонен (Телин 54)

Ескертулер: Кьеллини 9, Барцальи 22, Бернардески 90+2, Иммобиле 90+3 - Юханссон 10, Форсберг 29, Лустиг 65, Телин 69, Ольсен 90+4

Бас төреші: Антонио Матео Лаос (Испания)

Айта кетейік, қазіргі таңда әлем чемпионатына жолдама алған 29 құрама белгілі. Бүгін түнде тағы 3 құрама жолдаманы иеленеді. Ал жеребе тастау рәсімі 1 желтоқсан күні Мәскеуде өтеді. 

О. Сансызбай