Василий Левит әлем чемпионатында алғаш рет жүлделі орынға ілікті

Василий Левит әлем чемпионатында алғаш рет жүлделі орынға ілікті
Фото: Данияр Майлыбаев

Қазақстандық боксшы, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Василий Левит Гамбургтегі әлем чемпионатының жартылай финалына шықты. Отандасымыз ширек финалда аустралиялық боксшы Джейсон Уотелиді жеңді.

Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан Василий Левитті жеңімпаз ретінде таныды. Аустралиялық боксшы алға ұмтыла түсіп жұдырықтасқанмен, тәжірибелі Василий қарсыласының жеңіске жетуіне мүмкіндік берген жоқ.

Қазақстандық боксшы әлем чемпионатында алғаш рет жүлделі орыннан көрінгелі отыр. 2009 және 2011 жылдары қатысқанмен, жүлделі орынға іліге алмаған еді. Қазіргі таңда Василий Левитте кем дегенде қола жүлде бар.

Жартылай финалда кубалық боксшы Эрисланди Савонмен жұдырықтасады. "Бостандық аралының" боксшысы әуесқой бокстағы танымал спортшылардың бірі. 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Риодағы Олимпиада ойындарында қола медальға қол жеткізген еді. Жартылай финалда Василийге жеңілген еді. 

Айта кетейік, Василий Левит жартылай финалға шыққан төртінші боксшымыз. Осыған дейін Жомарт Ержан (49 келі), Қайрат Ералиев (56 келі) және Әбілхан Аманқұл (75 келі) шыққан еді. 

Күндізгі сессияда шаршы алаңға шыққан төрт боксшымыз да қарсыластарын жеңе білді. Кешкі сессияда үш боксшымыз ширек финалдағы жекпе-жектерін өткізеді. 

Кешкі жекпе-жектер (Астана уақытымен сағат 23:00-де басталады)

69 келі. 1/4 финал. Абылайхан Жүсіпов (Қазақстан) — Габриэль Маэстре Перес (Венесуэла)

81 келі. 1/4 финал. Ерік Әлжанов (Қазақстан) — Бектемір Меликузиев (Өзбекстан)

+91 келі. 1/4 финал. Қамшыбек Қоңкабаев (Қазақстан) — Баходыр Жалолов (Өзбекстан).

Әлем чемпионатының ширек финалындағы жекпе-жектерді "Qazsport" арнасы тікелей эфирде көрсетуде.

Ө. Сансызбай