ӘЧ-2017. Қайрат Ералиев - жартылай финалда!

ӘЧ-2017. Қайрат Ералиев - жартылай финалда!
Фото: Данияр Майлыбаев

Бокстан Гамбургте өтіп жатқан әлем чемпионатында отандасымыз Қайрат Ералиев жартылай финалға шықты.

56 келіге дейінгі салмақта өткен жекпе-жекте Қайрат шаршы алаң иесі Омар Эль-Хагпен кездесті. Қос боксшы да жоғарғы қарқынмен жұдырықтасты. Дегенмен талай ірі халықаралық додаларда топ жарып жүрген отандасымыз қарсыласын айқын жеңе білді. Неміс боксшысынан тәжірибелі екенін байқатып, жартылай финалға шықты.

1/8 финалда Қайрат Ералиев өзбек боксшысы Мураджон Ахмадалиевті жеңген еді. Жартылай финалда ұлыбританиялық Питер МакГрейлмен жұдырықтасады.

Кездесу соңынан Қайрат Ералиев өз ойымен бөлісті. 

- Алғашқы кездесулеріме қарағанда қиындау болды. Неміс боксшысы өз жанкүйерлері алдында барын салды. Әрбір боксшы туған жерінде жеңілгісі келмейді, сондықтан соңына дейін тамаша өнер көрсетті. Өздеріңіз көргендеріңіздей, кездесу оңайға түспеді, қарсылас ыңғайсыздау болды. 

Келесі жекпе-жекке дайындықты бастаймыз. Әлем чемпионатында кімнің әлемде бірінші екенін көрсету, қазақ бокс мектебінің шоқтығы биік екенін таныту. Барымызды салу үшін келдік, - деді боксшы. 

Айта кетейік, осыған дейін 49 келіге дейінгі салмақта Жомарт Ержан жартылай финалға шыққан еді. Алда әлі 5 боксшымыз ширек финалдағы жекпе-жектерін өткізеді. 

Ө. Сансызбай