Чемпиондар лигасы. «Реал» «Вольфсбургтан» ұтылып қалды (видео)

Чемпиондар лигасы. «Реал» «Вольфсбургтан» ұтылып қалды (видео)
Фото: vk.com

Футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалындағы бірінші ойындар аяқталды. Назарларыңызға кездесулер нәтижесін ұсынамыз.

«ПСЖ» (Франция) – «Манчестер Сити» (Англия) 2-2

Франция ішкі біріншілігінде чемпиондық атақты ерте жеңіп алған париждік «ПСЖ» бар күшін Чемпиондар лигасына салатыны анық. Ағылшындық «Манчестер Ситиге» қарсы ойында айқын фаворит саналғанмен, Лоран Блан командасы жеңіске жете алмады.

Төреші ысқырығы шалынысымен Давид Луис Серхио Агуэроға қарсы ойын ережесін бұзып, Чемпиондар лигасы тарихындағы ең жылдам сары қағазды иеленді. Қорғаушы келесі ойынға қатыспайды.

14 минутта «Манчестер Сити» қақпасына пенальти белгіленді. Тәжірибелі Златан Ибрагимович Англия құрамасының қақпашысы Джо Харттан айласын асыра алмады. Араға 10 минут сала швециялық шабуылшы өзіндегі екінші тамаша мүмкіндікті мүлт жіберді.

Ойында есепті бірінші болып қонақтар ашты. Жақында ғана жарақатынан айығып келген Кевин де Брюйне «Манчестер Ситиді» алға шығарды.

Алайда араға 3 минут сала Златан Ибрагимович қорғаушы Фернандоның өрескел қателігінен кейін таразы басын теңестірді.

60 минутта «ПСЖ» командасы ойында алға шықты. Бұрыштамадан асырылған допты Эдинсон Кавани қақпаға тура бағыттады. Джо Харт бұл соққыны қайтарғанмен, жақын маңдағы Адриен Рабьо допты қайта қақпаға бағыттап, есепте командасын алға шығарды. Араға 3 минут сала Златан кезекті рет шабуылда көзге түскенмен, оның баспен бағыттаған добы қақпа бағанынан кері серпілді.

Париждік клуб есептегі басымдығын ойын соңына дейін сақтап қала алған жоқ. 72 минутта Фернандиньо таразы басын теңестірді. Нәтижесінде ағылшындық клуб сырт алаңда соққан голдарының басымдығына ие.

Қос клуб арасындағы қарымта ойын 12 cәуір күні Манчестерде өтеді.

«Вольфсбург» (Германия) – «Реал» (Испания) 2-0

Ширек финалдағы басты күтілмеген нәтиже осы ойында орын алды. Мадридтік «Реал» түзде «Вольфсбургқа» екі доп айырмасымен есе жіберді.

Ойында 2 минутта-ақ гол соғылған болатын. Алайда қапталдағы төреші Криштиану Роналдудың соққан голын есепке алған жоқ. 17 минутта Каземиро өз айып алаңында Андре Шюррлеге қарсы ойын ережесін бұзды. Бас төреші ойланбастан «Реал» қақпасына пенальти белгіледі. 11 метрлік айып соққысын Рикардо Родригес сәтті орындап шығып, командасын алға шығарды. 24 минутта Максимилиан Арнольд «корольдік клуб» қақпасына екінші голды тоғытты.

Бірінші таймда Карим Бензема жарақат алып, оның орнына Хесе шықты. «Реал» ойыншылары допты алып, алға сан рет ұмтылғанмен нәтиже шығара алмады. Есесіне неміс ұжымының қарымта шабуылы Кейлор Навас қақпасына айтарлықтай қауіп төндіріп тұрды.

69 минутта «Реал» қорғаушысы Марсело Максимилиан Арнольдқа қарсы қақтығыс жасап, өзі ұятқа қалған қылық көрсетті.

Сауатты қорғана білген «Вольфсбург» жартылай финалға шығу мүмкіндіктерін жоғарылатты. Қарымта ойын 12 сәуір күні Мадридтегі «Сантьяго Бернабеу» стадионында өтеді.   

Айта кетейік, кеше өткен ойындарда «Барселона» мадридтік «Атлетиконы», «Бавария» лиссабондық «Бенфиканы» ұтқан болатын. 

Ө. Сансызбай