«Астана» лиссабондық «Бенфикамен» тең ойнады (видео)

О Сансызбай Корреспондент
«Астана» лиссабондық «Бенфикамен» тең ойнады (видео)
Фото ©️ vk.com

Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің v турында елордалық "Астана" өз алаңында Лиссабонның "Бенфика" клубымен тең ойнады. Ойында екі доп басымдығымен жеңіп тұрып, жеңісті ұстап қала алмады.

БӨЛІСУ

«Астана Аренадағы» ойын қос клубтың ширақ шабуылдарымен басталды.  «Бенфика» есеп ашуға тырысып, жылдам шабуылдарға иек артумен болды. 17 минутта Фокси Кетевоаманың пасын Патрик Твумаси сәтті пайдалана алмады. Есесіне араға 2 минут сала Джуниор Кабананганың берген добын Патрик Твумаси «Бенфика» қақпасына баспен тоғытты. Бразилиялық тәжірибелі қақпашы Жулио Сезар қарсылық таныта алмады.

Бірінші гол өткізіп алған қонақтар жүйкесі сыр бере бастады. Осы сәтті пайдалануға асыққан Станимир Стойлов шәкірттері шабуылын ширата түсті. 31 минутта Фокси Кетевоаманың айып соққысынан асырған добын Марин Аничич баспен қонақтар қақпасына бағыттап, есепті 2:0-ге жеткізді.

35 минутта «Бенфика» ойыншысы Жонастың бағыттаған добын Ненад Эрич сәтті қайтарып, қақпасын голдан құтқарып қалды. Алайда португалдық клубтың шабуылы 40 минутта өз нәтижесін берді. Жонастың асырған пасына Рауль Хименес бірінші жетіп, есепті қысқартты. Бұл тұста Дмитрий Шомко мен Евгений Постников қарсыласын жауып үлгермеді.

45 минутта елордалық клуб шабуылшысы Патрик Твумасиді ережеге қарсы әдіспен тоқтатқаны үшін «Бенфика» қорғаушысы Лисандро Лопес сары қағаз алды. Бұл тұста француз төрешісі Буке қонақтар қорғаушысын алаңнан қуған жоқ. Бірінші тайм аяқталғанша Патрик Твумаси қауіпті соққы бағыттағанымен, Жулио Сезар қақпасынан қиыс кетті.

Екінші таймды да қос клуб асқан жылдамдықпен бастады. «Астана» мен «Бенфикада» да гол соғуға мүмкіндік болды. Ненад Эрич қақпадан уақытында шығып, командасын голдан құтқарып қалды. 57 минутта Джуниор Кабананга Патрик Твумасидің тепкен добын қақпаға бағыттап үлгере алмады.

70 минутта Джуниор Кабананга қорғаушылардың арасынан сытылып шығып, қонақтар қақпасына соққы бағыттады. Алайда танымал бразилиялық қақпашы допты аяғымен қайтарып үлгерді. Артынша «Бенфика» ойыншыларының қарымта шабуылы кезекті рет өз нәтижесін сыйлады. Қорғаушылардың қателігі Рауль Хименестің дубль авторы атануына мүмкіндік сыйлады. Нәтижесінде 2:2 есебімен таразы басы теңесті.