Чемпиондар лигасы. «Барселона» мен «Бавария» жеңіске жетті (видео)

Чемпиондар лигасы. «Барселона» мен «Бавария» жеңіске жетті (видео)
Фото: vk.com

Футболдан Чемпиондар лигасының ширек финалындағы алғашқы ойындар мәресіне жетті. Назарларыңызға кездесулер нәтижесін ұсынамыз.

«Барселона» (Испания) – «Атлетико» (Испания) 2-1

Каталондық «Барселона» өз алаңында мадридтік «Атлетиконы» ұтты. Бірінші болып 25 минутта Фернандо Торрес есеп ашты. «Блауграна» қақпасына спорттық мансабындағы 11-голын соққан шабуылшы араға 10 минут сала екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Нәтижесінде Диего Симеоне жаттықтыратын клуб алаңда 10 ойыншымен қалды.

Бірінші таймда есепті ұстап тұрған «Атлетико» екінші таймда жеңісті уыста ұстап қала алмады. 63 минутта Луис Суарес таразы басын теңестірді. Араға 11 минут сала уругвайлық шабуылшы «Барселонаға» жеңіс сыйлаған голды соқты.

Қос клуб арасындағы қарымта ойын 14 сәуір күні өтеді.

«Бавария» (Германия) – «Бенфика» (Португалия) 1-0

Мюнхенде футбол мамандары ірі есеп айырмасы тіркелуі мүмкін деп болжаған еді. Алайда лиссабондық клуб сауатты қорғанып, «Баварияның» ірі есеп айырмасымен жеңіске жетуіне жағдай жасаған жоқ. Хосеп Гвардиола командасына бірінші ойында басымдық алып келген голды 2 минутта Артуро Видаль соқты.

Қос клуб арасындағы Лиссабондағы қарымта ойын 14 сәуір күні өтеді.

Айта кетейік, бүгін жеңіліс тапқан мадридтік «Атлетико» мен лиссабондық «Бенфика» да топтық кезеңде «Астанаға» қарсы ойнаған болатын.

Ө. Сансызбай