«Астана» Станимир Стойловпен келісімшартын ұзартты

«Астана» Станимир Стойловпен келісімшартын ұзартты
Фото: vesti.kz

Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне тұңғыш рет шыққан елордалық «Астана» футбол клубы бас жаттықтырушысы Станимир Стойловпен келісімшартын ұзартты. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлап отыр.

Болгар маманы мен клуб арасындағы келісімшартқа Стамбул қаласында қол қойылды. Жаттықтырушы қазақстандық клубты 2017 жылға дейін жаттықтыратын болады.

«Галатасараймен» өткен ойыннан кейін «Астана» клубының ойыншылары мен бапкерлері демалысқа шықты. Команда алғашқы оқу-жаттығу жиындарын 10 қаңтар күні Дубайда бастайды.

Айта кетейік, Станимир Стойлов «Астана» клубын 2014 жылдан бері жаттықтырып келеді. Клуб пен бапкер «1+1» жүйесі бойынша келісімшартқа қол қойған-ды. Болгар бапкерінің келуімен елордалық клуб қазақ футболы тарихында өз атын қалдырды. Ел чемпионатында топ жарды, суперкубокты иеленді. Сондай-ақ, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан қазақстандық бірінші клуб атанды. 

Ө. Сансызбай