Қытайлық клуб «Астана» бапкеріне "құда" түсті

Қытайлық клуб «Астана» бапкеріне "құда" түсті
Фото: vk.com

Футболдан «Астана» клубының бас бапкері Станимир Стойловқа Қытайдың «Бэйцзин Гоань» клубы жоғары жалақы ұсынып, қызметке шақырды. Бұл туралы Sportal.bg басылымы хабарлап отыр.

Станимир Стойлов пен елордалық клуб арасындағы келісімшарт мерзімі осы жылдың аяғында аяқталады. «Астананы» Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне алып шыққан білікті бапкерге «аспан асты елінің» ұжымы ресми ұсыныс жасап үлгерген. Олар Станимир Стойлов бапкерлікке келер болса, жылына 5 миллион АҚШ долларын төлеуге дайын екендіктерін де мәлімдеген.

Айта кетейік, «Бэйцзин Гоань» - Қытайдың танымал кәсіби клубтарының бірі. Команда «СІТІС» мемлекеттік инвестициялық холдингіне тиесілі. 2009 жылы Қытай чемпионатында топ жарса, өткен маусымда төртінші орын алған.

Станимир Стойлов «Астана» клубын 2014 жылдан бері жаттықтырып келеді. Клуб пен бапкер «1+1» жүйесі бойынша келісімшартқа қол қойған-ды. Сондықтан да екі тарап өзара келісімді қайта құруы бек мүмкін. Болгар бапкерінің келуімен елордалық клуб қазақ футболы тарихында өз атын қалдырды. Ел чемпионатында топ жарды, суперкубокты иеленді. Сондай-ақ, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шыққан қазақстандық бірінші клуб атанды. Осыған дейін болгар басылымдарының ақпары бойынша бапкер жылына 1 миллион долларға жуық жалақы алатыны айтылған болатын.

Ө. Сансызбай