«Астана» Стамбулда «Галатасараймен» тең ойнады (видео)

«Астана» Стамбулда «Галатасараймен» тең ойнады (видео)
Фото: vk.com

Чемпиондар лигасының соңғы турында елордалық «Астана» Стамбулда жергілікті «Галатасараймен» тең ойнады. Нәтижесінде Еуропа лигасына берілер жолдаманы алаң иелері жеңіп алды. 

Стамбулдағы ойынның қос клуб үшін де маңызы жоғары екені алғашқы минуттардан-ақ сезілді. Алаң иелері алға ұмтылуға тырысқанмен, «Астана» қорғаушылары адымдарын алшақ аттатпады. Станимир Стойлов шәкірттері қарымта шабуылда ойнауға иек артумен болды. 15 минутта Патрик Твумаси шеберлігін танытып, қақпаға соққы бағыттады. Доп қақпа бағанына тиіп кері қайтты.

Араға 10 минут сала Лукас Подольски «Астана» қақпасына қауіпті соққы бағыттады. Шиіріле келген допты Ненад Эрич қайтара білді. Қорғаныста қателікке бой алдырмауға тырысқан қос клуб та сауатты қорғанумен болды. Алайда 42 минутта «Галатасарай» ойыншыларының кезекті бір шабуылы қауіпті шықты. Ясин Озтекиннің тепкен добын Ненад Эрич сәтті қайтара білді. Артынша «Астана» қорғаушыларының екінші қателігі Бурак Йылмазды қақпашымен бірге-бір шығарды. Түркия құрамасының шабуылшысының тепкен добы қақпа бағанына тиіп, алаң сыртына шықты. Нәтижесінде бірінші таймда екі клубты да бір-бір реттен қақпа бағаны құтқарды.

Екінші таймды екі клуб та ширақ бастады. Мұстафа Денизли шәкірттері бар күшімен алға ұмтылғанмен, есеп аша алған жоқ. Есесіне 53 минутта Неманья Максимович алаң иелері қорғаушыларының қателігін голға айналдыра алмады.

62 минутта Дмитрий Шомконың әуелете асырған добына Патрик Твумаси бірінші жетіп, ойында есепті ашты. Алайда «Галатасарай» ойыншылары араға 1 минут сала таразы басын теңестіріп кетті. Сол қанаттан атой салған алаң иелерінің шабуылына «Астана» қорғаушылары тойтарыс бере алмады. Нәтижесінде соңғы минутқа дейін ойынға шығуы белгісіз болып келген команда капитаны Сельчук Инан таразы басын теңестіріп кетті.

73 минутта Станимир Стойлов алаңда ойнаған Фокси Кетевоама мен Джуниор Кабананганың орнына Танат Нөсербаев пен Бауыржан Жолшиевті шығарды.

Соңғы минуттарда «Астана» барынша алға ұмтылғанмен, таблодағы есепті өзгерте алмады. Нәтижесінде қазақстандық клубтан 1 ұпай артық жинаған «Галатасарай» Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне жолдама алды.

«Астана» бұл маусымда қазақстандық жанкүйерлерге үлкен қуаныш сыйлады десек қателеспейміз. Чемпиондар лигасын екінші іріктеу кезеңінен бастаған елордалық клуб қазақ футболына тың серпіліс жасады десек артық айтпағанымыз болар. Алға, «Астана»! Алға, қазақ футболы!

Ө. Сансызбай