Англияның соңғы клубы да еурокубок маусымын аяқтады

Англияның соңғы клубы да еурокубок маусымын аяқтады

Еуропа лигасының ширек финалына шыққан барлық командалар анықталды. Сырт алаңда киевтік «Динамодан» ойсырай ұтылған ливерпульдік «Эвертон» жарысты аяқтады. Нәтижесінде еурокубок ойындары ағылшындық клубтарсыз жалғасады.

Бұл маусымда ағылшындық клубтардың бірде-бірі Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының ширек финалына шыға алған жоқ. Мұндай жағдай соңғы рет осыдан 22 жыл бұрын орын алған екен. Одан кейінгі аралықта ағылшындық клубтар Еуропаның басты фавориттерінің қатарында болып келген. Алайда бұл маусым ағылшындық клубтар үшін ерте аяқталды.

Англияның соңғы үміті - «Эвертонда» болатын. Бірақ мерсисайдтық клуб Киевте «Динамодан» 5:2 есебімен ұтылды. Украиналық клуб нағыз бабында екенін байқатып, бірінші ойында кеткен есесін қайтарды.

Украиналық екінші бір клуб «Днепр» де ширек финалға қадам басты. Амстердамда өткен тартысты кездесудің тағдыры қосымша уақытта шешілді. «Аякс» 2:1 есебімен жеңіске жеткенмен, түзде соғылған голдың арқасында «Днепр» келесі кезеңге өтті.

Чемпиондар лигасының бір бәс төмен тұратын Еуропа лигасы да тартысты кездесулерге толы. Өткен маусымда бұл додада Испанияның «Севильясы» топ жарған болатын. Бұл ұжым биыл да сәтті өнер көрсетіп келеді. 1/8 финалда «Севилья» екінші бір испандық клуб «Вильярреалды» қос кездесу қорытындысы бойынша 5:2 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті.

Ресейлік клубтар қатары тағы бір командаға сиреді. Мәскеулік «Динамо» өз алаңында «Наполимен» тең ойнап, жарысты аяқтады. Бірінші ойында неапольдық клуб 3:1 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Ресейлік «Зенит» Италияда «Ториноға» ұтылғанмен, өз алаңында соққан екі голдың арқасында ширек финалға шықты.

Римдік «Романың» ойыны түзелер емес. 1/8 финалда екінші бір италиялық клуб «Фиорентинамен» кездескен Руди Гарсия шәкірттері 0:3 есебімен ойсырай ұтылды.

Италиялық тағы бір клуб Еуропа лигасымен қош айтысты. Миландық «Интер» екі ойында да Германияның «Вольфсбург» клубына есе жіберіп, жанкүйерлерін жерге қаратты. Неміс ұжымы бұл додадағы басты фавориттердің бірі.

Ағылшындық «Ливерпульді» жарыс жолынан шығарған «Бешикташтың» (Түркия) Бельгияның «Брюггесіне» шамасы жетпеді. Бірінші ойында 2:1 есебімен ұтылса, өз алаңындағы қарымта кездесуде 1:3 нәтижесімен есе жіберді.

Бүгін Швейцарияның Ньон қаласында Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеребесі тартылады. УЕФА шешімімен Ресей және Украина елдерінің клубтары Еуропа лигасында бір-біріне қарсылас атанбайды. Себебі, саясат «салқыны» спортты да айналып өтіп жатқан жоқ.

Сурет: sport-xl.org

Оқи отырыңыз

«Барселона» Чемпиондар лигасында рекорд орнатты

Чемпиондар лигасы. «Атлетико» мен «Монако» ширек финалға шықты (видео)

Футболдағы ХХІ ғасырдың ең үздік покер орындаушылары (видео)

"Барселона" футболшыларының жалақылары қанша?

Ө. Сансызбай