Мюррей Генаға қарсылас атана алмады (видео)

О Сансызбай Корреспондент
Мюррей Генаға қарсылас атана алмады (видео)

WBA және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы, WBC аталымының уақытша чемпионы белбеуінің иегері отандасымыз Геннадий Головкин британдық боксшы Мартин Мюррейді он бірінші раундта нокаутқа түсіріп, чемпиондық атағын қорғап қалды.

БӨЛІСУ

Бірінші раундты қос боксшы аса ширақ бастаған жоқ, осал тұстарын аңдумен болды. GGG жылдам бірінші нөмірмен өнер көрсетуге ұмтылды. Отандасымыз бұл ұстанған жүйесінен де нәтиже шығара білді. Бірнеше соққыларын дарытты. Екінші раундта да Гена аса көп күш жұмасамай, өз кезегін күтумен болды. Оңтайлы сәтті оңай жібермеуге тырысты. Британдық боксшы үшінші раундта да қорғанумен жүрді. Ал төртінші раундта Мартин Мюррейді гонк дауысы ғана құтқарды. Қазақстандық боксшының жойқын соққысы британдық боксшыны бірнеше рет есеңгіретіп тастады. Мартин Мюррей бесінші раундта бетін қан жуғанда ғана аздап алға жылжуды ойлағандай сыңай танытты. Бірақ, тәжірибелі GGG өз кезегінде мүмкіндік берген жоқ. Қорғанысты да назардан тыс қалдырмады. Құлап қалмаудың қамын ойлап жүрген Мартин Мюррей Геннадий Головкин деңгейіндегі кәсіби боксшы екенін дәлелдей алмады. Оныншы раундта үшінші рет нокдаун алған британдық боксшы он бірінші раундта жекпе-жекті жалғастыра алмады. Спорттық бабын таныта алмаған Мартин Мюррейді төрешілер арашалап алып қалды. Нәтижесінде отандасымыз техникалық нокаутпен жеңіске жетті. 

Әлемдік аренада қазақ елінің абыройын асқақтатып жүрген 32 жастағы отандасымызды кәсіпқой бокстағы 32-ші жеңісімен құттықтаймыз. 

Сурет: vk.com