- Негізгі бет
- Тұлғалар
- Қаһарына мінген «Қайрат»...
Қаһарына мінген «Қайрат» ойыншысы кім? (видео)
Кеше Антальядағы оқу-жаттығу жиындары кезінде Украинаның «Металлург» командасы мен Алматының «Қайраты» жолдастық кездесу ұйымдастырған болатын. Бірақ, кездесу 36-шы минутта тоқтатылған еді. Оның басты себебі - «Қайрат» ойыншысы Михаил Бақаев төрешілерге жүгіріп, қоқан-лоқы көрсеткен. Бүгін ойынның тоқтатылған сәтіндегі көрініс ғаламтор беттерінде қызу талқылануда.
Кездесудің 36-шы минутында қазақстандық клубтың жартылай қорғаушысы Михаил Бақаевқа қарсы «Металлург» ойыншысы ереже бұзған. Өз кезегінде украиналық төреші қарсылас команданың футболшысын жазаламаған. Бұл «Қайрат» ойыншысының ашуын қоздырса керек-ті. Нәтижесінде футболшылар спорттық тәртіптен аттап, бір-бірін балағаттаған. Онымен қоса, бас қазы Михаил Бақаевты алаңнан қуған. Нәтижесінде алматылық клуб капитанының жұдырық алып жүгіргенін анық байқауға болады. Командаластары сабырға шақырған. Ал төрешілер бір ауыздан кездесуді тоқтатуды мақұлдапты. Ойын туралы командалар ресми сайтында төмендегідей ақпарат жариялаған.
«Металлург» (Запорожье, Украина) сайты – fcmetalurg.com:
– Кездесудің мезгілінен бұрын ерте аяқталуына «Қайраттың» ойыншысы Михаил Бакаевтың шектен тыс қызба мінезі себеп болды. Алаң ортасында оны біреу құлатып кетіп еді, Алматы клубының легионері зығырданы қайнап, қатты ашуланды. Әуелі бас төрешіге тап беріп, одан соң оның көмекшісіне жүгірді. Ашуға булыққан Цхинвали болса оны балағаттап, былапыт сөздерді жаудырды. Ал алматылықтардың ешқайсысы да қызу қанды Кавказ жігітін сабасына түсіруге тырысқан жоқ, тіпті тыныштандыра да алмады. Осыдан кейін ойынды жалғастырмау жайлы шешім қабылданды.
«Қайрат» (Алматы, Қазақстан) – fckairat.kz:
– Ойын барысында «Металлург» ойыншыларының бірі қисынсыз дөрекілік көрсетті, бірақ төреші оны жазалауға асықпады. Кезекті аяусыз қақтығыстан кейін және төрешілер алқасының бір мағынасыз шешімінен соң алаңда кішігірім айқай-шу, ұрыс-керіс басталды. Оны төреші Михаил Бакаевқа қызық қағаз көрсетумен қорытындылады. Бұған біздің команданың барлық мүшелері наразы болып, көңілдері толмады. Нәтижесінде Украина төрешілері ойын нұсқаушысының басшылық етуімен кездесуді доғару жайлы шешім қабылдады.
Айта кетейік, Михаил Бақаев Алматының «Қайратына» 2014 жылдың басында Ресейдің «Алания» командасынан ауысып келген еді. Оған дейін «Автодор» және «Анжи» командаларында, Ресей жастар құрамасында өнер көрсеткен. Қазақстанға ат басын бұрғаннан кейін еліміздің азаматтығын алған да болатын. Сонымен қатар, клубтың өткен маусымдағы «Астанаға» қарсы ойынында спорттық бабын көрсете алмай, соңғы ойындарынан шеттетілген бес ойыншысының бірі болатын. Клубтың футболшымен келісімшарты 2017 жылы аяқталады.
Сурет: m.vesti.kz
Оқи отырыңыз
«Қайрат» бес футболшысын неге жазалағанын айтты
Премьер-лиганың жаңа маусымдағы добы таныстырылды
Футболдан ел премьер-лигасының 2015 жылғы күнтізбесі жарияланды
«Ордабасыдан» алты ойыншы Қазақстан құрамасына шақырту алды
О. Сансызбай