Қазақстандық жанкүйерлер UFC жекпе-жектерін тамашалай алады

Қазақстандық жанкүйерлер UFC жекпе-жектерін тамашалай алады
Фото: UFC.com, kaztrk.kz

Қазақстандық спортсүйер қауым аралас жекпе-жектен әлемдегі ең беделді ұйым саналатын UFC (Ultimate Fighting Championship) жекпе-жектерін Qazaqstan және QazSport арналарынан тамашалай алады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Қазақстан" телерадиокорпорациясының төрағасы Ерлан Қарин хабарлады.

Телерадиокорпорация UFC ұйымымен 1,5 жылдық келісімге келген. 8 қыркүйектен бастап қазақстандықтар жекпе-жек кештерін көре алады.

- Біз бүкіләлемге танымал UFC ұйымымен келісімге келіп, жекпе-жектерін елімізде көрсету құқығын иелендік. Көрермендеріміз үшін бұл қуанышты хабарды жеткізуге асықтық. Қыркүйек айынан бастап желтоқсанға дейін 16 турнир көрсетеміз. Келісімшарт 1,5 жылға жоспарланған.

6 қазан күні Лас-Вегаста өтетін ирландиялық Конор МакГрегор мен ресейлік Хабиб Нурмогомедовтың арасында өтетін UFC 229 кеші де  көрсетілетін болады. Ал 2019 жылы 40-тан астам турнирдің көрсетілімі жоспарланып отыр. Жекпе-жек кештерінің негізгі көрсетілімінен бөлек, Қазақстандағы белгілі ММА мамандарының қатысуымен түрлі студиялық бағдарламалар мен атақты UFC спортшылары туралы арнайы хабарлар дайындалады. Аталған келісімшарт елімізде осы спорт түрінің дамуымен қатар, қазақстандық спортшылардың халықаралық деңгейде дайындалуына септігін тигізетін болады, - деді.

Ерлан Қарин UFC жекпе-жектерін көрсетудің маңыздылығына да тоқтала кетті.

- Еліміздегі спорт жанкүйерлерінің көпшілігі маңыздылығы жоғары UFC турнирлерін өзге елдің арналарынан тамашалайтын. Енді өзіміздің арналарымыздан көруге мүмкіндік туды. UFC - қазақ тілінде эфирге шығып, қазақ тілінде сөйлейді. Мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шараларды көрсету - өзара бәсекелестікті де жоғарылатады. Көрермендер санын арттырып, әлемдік ақпарат кеңістігінде беделімізді асырады, - деді.

Айта кетейік, Ultimate Fighting Championship (UFC) -  аралас жекпе-жектен әлемдегі ең беделді әрі танымал спорттық ұйым. Бас кеңсесі АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында орналасқан. Бүгінде UFC-дің кез-келген жекпе-жек кеші әлемнің түкпір-түкпірінен жүздеген телеарналар арқылы миллиондаған жанкүйер жинайтын ауқымды шараға айналған. Кәсіпқой ережесіз жекпе-жек шеберлері осы ұйым аясында бақ сынауды мақсат тұтады.

Сондай-ақ Астанада өткен брифингте алда QazSport арнасынан көрсетілетін кей спорттық іс-шаралар жайы да айтылды. Бұл туралы телеарнаның директоры Павел Цыбулин мәлімдеді.

- Біз 16 қыркүйек күні барша қазақстандықтар асыға күтіп жүрген Головкин мен Альварес арасындағы бокс кешін көрсететін боламыз. Сонымен қатар, 20 қыркүйектен бастап біздің арналарымызда "Qazaqstan FIGHTER" жобасының тұсаукесері болмақ. Бұл жобада жас спортшылар «Аралас жекпе-жектен Қазақстанның ең мықты спортшысы»  атағы үшін сынға түсетін болады. Жобаның мақсаты - Қазақстандағы аралас жекпе-жек спортын дамыту,- деді Павел Цыбулин.

Одан өзге қазақстандық спортсүйер қауым Ұлттар лигасы аясындағы Қазақстан ұлттық құрамасының ойындарын тікелей эфирде тамашалай алады. Сондай-ақ "А" тобындағы басты матчтар да тікелей эфирде көрсетілетін болады.

Ө. Сансызбай