Алаңға 7 ойыншымен шыққан команда 20:0 болып ұтылды

Алаңға 7 ойыншымен шыққан команда 20:0 болып ұтылды
Фото: eurosport.ru

Футболдан Италияның "С" сериясында жанкүйерлер күтпеген оқиға болды. "Про Пьяченца" командасы сырт алаңдағы ойынға 7 ойыншымен барып, 20:0 есебімен ұтылды.

"Кунео" командасы XXV турда 7 ойыншыға қарсы ойнаймыз деп күтпесе керек. Ойынға бұл команда келмеуі мүмкін деп топшылаған да. Алайда алдыңғы 3 ойынға бармай қалған клубқа техникалық жеңіліс жазылған. 8 ұпайынан айырылған. Ал бұл жолы ойынға бармаса, чемпионаттан шығып қалуы мүмкін еді. Ереже бойынша 6 ойыншысы бар команда қарсыластарына қарсы ойнауларына болады.

Команда чемпионаттағы орнын сақтап қалу үшін жас ойыншыларға сенім артқан. 7 ойыншының барлығы дерлік 2000 және 2002 жылдары дүниеге келген. Тіпті бас жаттықтырушылары да болмаған. Командада массаж жасаушы маман да алаңға шыққан көрінеді. 19 жастағы Николай Чириглиано негізгі жаттықтырушы болып тіркелген.

Клубтың бұлай құлдырауы қаржылық жағдайларына байланысты. Негізгі құрам ойыншылары мен жаттықтырушылар жалақы бермегені үшін ойындарға қатысудан бас тартып келеді. 

Наурыз айында клуб басшылығына қатысты сот болмақ. Жалақы алмаған ойыншылар сотқа берген. Одан кейін команданың тағдыры не болатыны белгісіз. Қазіргі таңда клуб 15 ұпаймен "С" сериясында ең соңғы орында келеді.

Айта кетейік, футбол тарихындағы ең ірі есеп айырмасы - 149:0. 2002 жылы Мадагаскардағы "AS Adema" мен "Stade Olympique l’Emyrne" командалары арасындағы ойында тіркелген. Ал мұнша қалай соғылды дегенге келетін болсақ, "Stade Olympique l’Emyrne" ойыншылары өз қақпаларына голды бірінші минуттан бастап соға берген, соға берген. Себеп...

Мадагаскар чемпионатынжа 4 команда өзара ойнап, ең көп ұпай жинағаны жеңімпаз атанады. Жарыстың аяқталуына бір тур қалғанда төреші "Stade Olympique l’Emyrne" қақпасына пенальти белгілейді. Ал бұл пенальти команданы чемпиондық атақтан айырады. Нәтижесінде төреші шешіміне наразы болған команданың бас жаттықтырушысы мен ойыншылар соңғы турда қарсылық ретінде өз қақпаларына гол соға беруді ұйғарған. Ал "AS Adema" ойыншылары болса, тарихи сәттің куәсі болумен ғана шектеліпті. Оған дейін футбол тарихындағы ең ірі есеп айырмасы 36:0 болған екен. Ал бұл ойында орта есеппен 36 секунд сайын гол соғылған.

О. Сансызбай