Футбол тарихындағы ең қызықты 10 оқиға

Футбол тарихындағы ең қызықты 10 оқиға
Фото: VideoBlocks, sports.ru, topsimages.com, u-f.ru

Футбол - әлемдегі ең танымал спорт түрлерінің бірі. Миллиондаған жанкүйерлер көз тігетін ойын жасыл алаңдағы нағыз бір сиқыр іспетті. Ал ең үздік футболшылар - әлемдегі ең атақты тұлғалар саналады.

10 желтоқсан - дүниежүзілік футбол күні. Біріккен Ұлттар Ұйымы белгілеген бұл күн ресми болмаса да, жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтіледі. Дәл осы күні әлемде футболға қатысты түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Нағыз жанкүйерлер командасымен бірге мерекені тойлауға асығады. Ал біз бүгін футбол тарихындағы қызықты оқиғалар жайлы жазғанды жөн көрдік.

Алаңда адасып кеткен қақпашы

Ұлыбритания елін "Альбион" деп те атайды.  Бұл елдің көне тұрғындары кельттердің тілінде "альбион" - "биік, таулы арал" дегенді білдіреді екен. Бұған қоса бұл атау аралдың борлы қайраңдарына қатысты латын тіліндегі "альбус"-"ақ" деген сөзінен де шығуы мүмкін. Ал "Тұманды Альбион" деген тіркесті талай естіген де боларсыздар. Бұл тіркес тура мағынасында айтылған. Себебі Ұлыбританияда ауа райы көбіне тұманды болып келеді.

Тұманның футболға не қатысы бар деп ойлап қалмаңыздар. Өйткені ауа райы футболға да тікелей әсерін тигізеді. Анығын айтсақ, қызықты оқиғалар желісін тұмандағы футболдан бастағалы отырмыз.

"Чарльтон Атлетик" клубының әйгілі қақпашысы Сэм Бартрэм өзінің автобиографиясында ерекше оқиға жайлы жазады. 1956 жылы Лондондағы "Стэмфорд Бридж" стадионында ол алаң иелері "Челсиге" қарсы ойынға шығады. Ал ойын басталар сәтте алаңды қою тұман басып тұрған.

- Бастапқыда тұман "Челси" қақпасы жағында қалың болды. Біртіндеп мен тұрған жақты да баса бастады. Бастапқыда алаң иелері қақпашысы Вик Вудлиді көрген жоқпын. Төреші ойынды тоқтатты. Тұман сәл сейілгеннен кейін ойын жалғасты.

Кездесуде басымдық біздің команда жақта болды. Шабуылда жүргендіктен өз ойыншыларымның біразын дұрыс көріп тұрмадым. Тіпті бір уақытта бәрі көрінбей кетті. Алаңда тыныштық орнағандай. Біздің команда қарсыластарды өз қақпаларына тықсырып ойнап жатыр екен деп тұра бердім, - деп жазады.

- Біраз уақыттан кейін алаңнан бір адамның сұлбасын аңғардым. Ол маған жақындап келді де, таңғалды. Мен де таңғалдым. Сөйтсем ол тәртіп сақшысы екен.

Қарап тұрды да, "мұнда не істеп жүрсің?" демесі бар ма? Аңтарылып қалдым. "Қақпада тұрмын" - дедім. "Ойын 15 минут бұрын бітіп кеткен. Алаңда ешкім жоқ" - деп жауап берді.

Киім ауыстыру бөлмесіне беттеген бойда жол-жөнекей ешкімді кезіктірмедім. Тіпті жанкүйерлер де қайтып кетіпті. Ал киім ауыстыру бөлмесіне кіргенімде командаластарым жуынып, киімдерін ауыстырып, қайтуға қамданып та қойыпты, - деп жазады.

Көзі көрмеген комментатор

Бұл оқиға Сэм Бартрэм жазған қызықтан 16 жыл бұрын болған. Нақты айтсақ, 1940 жылы эдинбургтік (Шотландия) дербиде "Хайберниан" мен "Хартс" командалары кездеседі. Қалың тұманнан ВВС комментаторы Боб Кингсли биіктен алаңдағы ойыншыларды аңғармақ түгіл, не болып жатқанын да көзі көрмейді. Алайда радиотрансляцияны жүргізу міндет болады. Себебі немістер тұман екенін білсе, қаланы бомбалауы мүмкін екен. Нәтижесінде комментаторға ойынды жүргізуге тура келеді.

Боб Кингсли ойындағы қауіпті сәттер, ереже бұзғаны мен футболшылардың барлық мүлт кеткен сәттерін ойдан шығарады. Гол болғанын алаңдағы жанкүйерлердің шуына қарап болжайды. Ойында "Хартс" 6:5 есебімен жеңіске жетеді.

Төрешіні алдаған футболшылар

Ұлыбританияда тұман қалыпты жағдай. Осындай тұманда болған қызықты оқиғалардың бірі тағы да Шотландия чемпионатында болған. Тұман қалың болғаны соншалықты алаңда ойыншылар доптың қайда екенін әрең аңғарған. Төреші болса ойынды тоқтатпаған.

Кенет төреші алаңда ойыншылар саны көп екенін аңғарған. Бірден қосалқы құрамдағы футболшылар отыратын маңға келгенде бірде-бір ойыншы жоқ екенін көрген. Тұманда төрешінің көрмегінін пайдаланып, бәрі алаңға шығып кеткен екен...

Саналы түрде сақтанған

"Естімеген елде көп" демекші, футболда құйтырқы әрекеттер де жиі болады. Камерун еліндегі студенттер лигасында болған мына бір бір оқиға ережеге сай деп айтуға келмейді. Әйткенмен, командасын жоғарғы лигада сақтап қалу керек болған. Ол үшін...

Иә, ол үшін команда капитаны бассыз қылыққа саналы түрде барған. Ойын алдында қарсылас команда капитанының қолын алмай, қысқа шалбарын шеше сала, жалтыраған құйрығын көрсеткен. Қарсыластың мына қылығынан кейін қайдан ойын болсын? Бас төреші тәртіпсіздік танытқан командаға 3:0 есебімен техникалық жеңіліс жазған. Ал оларға да керегі осы есеп болған. Себебі ойнайтын болса, қарсыластарынан ойсырай ұтылып, бірінші лигаға түсіп қаларын іштей сезген.

Археологияға үлес қосқан футболшы

Италияның Асти қаласындағы жолдастық ойын кезінде Маскио есімді футболшы допты емес, алаңды тебеді. Жасыл желек жапырылып, футболшының аяғына да зақым келеді. Кейіннен алаңды қалпына келтіру кезінде адамның қаңқасы табылып, тарихи олжа табылады. Ал футболшыға "Археологияға саласына қосқан үлесі үшін" деген төсбелгі табысталып, қаржылай сыйақы берілген.

Командаластары компас сыйлаған

Пинейро есімді бразилиялық қорғаушы ылғи өз қақпасына гол соғып ала береді екен. Бір маусымның ішінде 10 автогол соққан. Нәтижесінде бас жаттықтырушы шабуылда ойнауға шығарып тынған. Шабуылғы шықса да, алғашқы ойынында өз қақпасына тағы гол соғып алыпты. Футболшы 25 жасқа толғанда командаластары компас сыйлап, "қарсыластарың қарсы бетте болатынын аңғарып жүр" деп тілек білдірген.

Футболдың соңы жеңіс емес, соғыс болған

Латын Америкасындағы жанкүйерлер де қызуқанды. Тіпті мемлекеттік дауға ұласқан жағдайлар да бар. Соның бірі - "футбол соғысы" деп тарихта қалған оқиға. Гондурас пен Сальвадор елдері арасындағы әскери қақтығыс.

1970 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңі аясындағы ойында Сальвадор мен Гондурас құрамалары кездеседі. Сальвадорда өткен ойын кезінде гондурастық жанкүйерлер аяусыз соққыға жығылады. Қолдарындағы туларын жергілікті жанкүйерлер өртеп те жібереді. Кейіннен Гондурасқа келгенде сальвадорлық жанкүйерлер зардап шегеді. Нәтижесінде екі ел арасында соғыс оты тұтанады.

"Футбол соғысы" 6 күнге созылып, екі ел арасындағы араздықтың оты лаулайды. Мыңдаған адам ажал құшып, екі елдің де экономикасына айтарлықтай зиян келеді. Кейіннен екі ел достық келісімге келіп, соғысты тоқтатады.

149:0 болып ұтылған

Футбол 90 минуттан тұрады. Қосымша уақытты қосқанда ары кетсе 100 минутқа жете қоймайды. Ал 149 гол қалай соғылды екен?

Бұл спорт тарихындағы ең ірі есеп айырмасы 149:0 екен. 2002 жылы Мадагаскардағы "AS Adema" мен "Stade Olympique l’Emyrne" командалары арасындағы ойында тіркелген. Ал мұнша қалай соғылды дегенге келетін болсақ, "Stade Olympique l’Emyrne" ойыншылары өз қақпаларына голды бірінші минуттан бастап соға берген, соға берген. Себеп...

Футбол туралы қыздар білуі тиіс 81 термин 

Мадагаскар чемпионы 4 команда өзара ойнап, ең көп ұпай жинағаны чемпион атанады. Жарыстың аяқталуына бір тур қалғанда төреші "Stade Olympique l’Emyrne" қақпасына пенальти белгілейді. Ал бұл пенальти команданы чемпиондық атақтан айырады. Нәтижесінде төреші шешіміне наразы болған команданың бас жаттықтырушысы мен ойыншылар соңғы турда қарсылық ретінде өз қақпаларына гол соға беруді ұйғарған. Ал "AS Adema" ойыншылары болса, тарихи сәттің куәсі болумен ғана шектеліпті. Оған дейін футбол тарихындағы ең ірі есеп айырмасы 36:0 болған екен. Ал бұл ойында орта есеппен 36 секунд сайын гол соғылған.

Ойын нәтижесі бойынша "Stade Olympique l’Emyrne" командасының бас жаттықтырушысы Зака Бе 3 жылға жарыстардан шеттетілген. Сондай-ақ Мадагаскар құрамасының капитаны Мамисоа Разафиндракото мен өзге тағы 3 ойыншы жазаланған.

Өзіне өзі қызыл қағаз көрсеткен төреші

Футболда "қызыл қағаз" не үшін көрсетілетінін көпшілік жақсы біледі. Яғни, өрескел ереже бұзғаны үшін ойыншы "қызыл қағаз" алып, алаңнан қуылады. Командасы бір ойыншыға кем ойнайды. Ал "қызыл қағазды" төреші көрсетеді.

Бірде ағылшын төрешісі Мелвин Силвестрге қарсы Ричард Керд есімді футболшы жиі шүйлігеді. Орайы келгенде төрешіні қағып-соғып та кетеді. Футболшының қылығына шыдамаған төреші қызыл қағаз көрсетпей, екі-үш соққымен Ричардты ұрып құлатады. Нәтижесінде өзіне-өзі "қызыл қағаз" көрсетіп, ойынды тастап кете барған.

Басымен қақпа бағанын сындырған

1980 жылы Румынияның Тимишоаре қаласында жергілікті "Политехника" клубы мен Бразилияның "Атлетико" командалары кездеседі. Ойын кезінде асқан жылдамдықпен жүгіріп келген бразилиялық шабуылшының бірі қақпа бағанынан баспен соғылады. Бұл тұста румындық клубтың қақпашысы да доптың соғылуына кедергі болады. Ал бір қызығы "Атлетико" ойыншысы дін аман болған. Тек сынған қақпа бағанын қайта қалпына келтіру үшін 20 минут күтуге тура келіпті.

Ө. Сансызбай