"Атлетико" жастар клубының капитаны "Реал" ойыншысының басын тістеп алды

"Атлетико" жастар клубының капитаны "Реал" ойыншысының басын тістеп алды
Фото: YouTube, marca.com

Мадридтің "Атлетико" жастар командасының капитаны Тачи "Реал Кастилья" клубына қарсы ойында дөрекі қимылымен футбол жанкүйерлерін таңдандырды.

Футболшы ойын кезіндегі қақтығыстардың бірінде қарсылас команданың жаңа ойыншысы Винисиус Жуниордың басын тістеп алды. Төреші бұл сәтті назардан тыс қалдырып, екі ойыншыға да сары қағаз көрсетті.

Клуб сайтына берген сұхбатында Тачи" алаңдағы тәртіпсіздігі үшін өкінетінін айтқан.

- Ойын кезінде болған жағдаймен мақтана алмаймын. Академияда мені бұлай тәрбиелеген жоқ. Теледидардан көргендер үшін тәрбие болар қимыл емес. Бірақ мен бұлай болады деп ойлаған жоқпын. Қызуқандылыққа салынған болармын.

Ойын соңынан Винисиуспен қол алысып тарқастық. Алаңда болған жағдай сол жерде қалды. Бұл оқиғадан сабақ алып, енді қайталамауға тырысамын, - деген капитан.

"Атлетико" мен "Реал" жастары арасындағы бұл ойын 2:2 есебімен аяқталды. Винисиус Жуниор дубль жасады.

Айта кетейік, 18 жастағы бразилиялық жас талантты ойыншы "Реалға" осы жазда ауысып келген болатын. Мадридтік команданың негізгі құрамында бәсекелестік жоғары болғандықтан, бас жаттықтырушы Хулен Лопетеги шабуылшыны "Кастильяда" ойнауға жіберген еді. Қаңтар айына дейін өзін тамаша қырынан байқатып жатса, негізгі командаға алынуы бек мүмкін.

Футболда қарсыласын тістеп алып, басы дауға қалған танымал футболшылардың бірі - Луис Суарес. Уругвайлық ойыншы бұл қылығын алаңда бірнеше рет қайталаған. Ол үшін бірнеше рет жазаланғаны жанкүйерлер есінде. 

О. Сансызбай