Мейвезер – МакГрегор жекпе-жегінің қазақша нұсқасы өте ме?

Мейвезер – МакГрегор жекпе-жегінің қазақша нұсқасы өте ме?
Фото: коллаж

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Әмірхан Төлеуов ережесіз жекпе-жекте бақ сынап жүрген отандасымыз Қуат "Найман" Хамитовты жұдырықтасуға шақырды. Бұл туралы ол Instagram желісіндегі парақшасына видео түсіріп жариялады.

"Астана" командасы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіндегі бірінші ойында "Селтиктен" 5:0 есебімен жеңілгеннен кейін спортшы қазақ футболын сынға алған еді. Қоғамда Қуаттың пікірін қолдағандар да, қарсы дау айтқандар да болды. Ал Әмірхан "Найманды" 26 тамыз Астанадағы EXPO аумағында өтетін бокс кешінде жұдырықтасуға шақырды. Бұл бокс кешінің басты жекпе-жегінде Фируза Шәріпова мен болгар қызы Милен Колева кездеседі.

- Менің есімім – Әмірхан Төлеуов. Кәсіпқой боксшымын. "Найман" бұл сөздерді саған қарата айтамын. Соңғы кезде өзіміздің спортшыларды көп сынға алып жүргеніңді байқап жүрмін. Соңғы жазбаң бойынша айтсам, футболшылар саған соқыр тиын да бермейді. Одан да мені сынға ал! Дұрысы, МакГрегор мен Мейвезер сияқты жекпе-жек өткізейік. 26 тамыз күні Астанадағы EXPO аумағындағы Амфитеатрда бокс кеші өтеді. Мен сені сонда жекпе-жекке шақырамын, - деді боксшы.

29 жастағы Қуат Хамитов ММА додаларына қатысып жүрген кәсіби спортшы. Осыған дейін 21 кездесу өткізіп, 15-де жеңіске жеткен. 5 рет жеңіліп, 1 кездесуін тең аяқтаған. Нокаутпен жеңіліп көрмеген.

Әмірхан Төлеуов Фируза Шәріпова мен Милен Колева арасындағы бокс кешінің андеркартында шаршы алаңға шығатын бокшылардың бірі. Әзірге қарсыласы анықталған жоқ. Ал Қуат Хамитовтың қалай жауап беретіні спортсүйер қауымды қызықтыруда. 

О. Сансызбай