"Астана" қарымта ойында "Селтикке" сес көрсетті

О Сансызбай Корреспондент
"Астана" қарымта ойында "Селтикке" сес көрсетті
Фото ©️ vesti.kz

"Астана" футбол клубы Чемпиондар лигасы плей-офф кезеңіндегі қарымта ойында "Селтикті" 4:3 есебімен ұтты. 

БӨЛІСУ

"Астана Арена" стадионында өткен ойынның бірінші таймында командалар бір-бір голдан соқты. Дмитрий Шомконың тепкен добын сəтсіз қайтарған Айер өз қақпасына гол соғып алды. Алайда шотландиялық клуб ойыншылары бірінші тайм аяқталғанша таразы басын теңестіріп кетті. 34 минутта Синклердің қия тепкен добын Ненад Эрич қайтара алмады.

Екінші таймды Станимир Стойлов шəкірттері аса ширақ бастады. 48 минутта Серікжан Мұжықов, араға 1 минут сала Патрик Твумаси гол соқты. 69 минутта Патрик дубль авторы атанғанда, Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу үміті ояғандай болған. Өкінішке орай, 82 минутта Нтчам "Селтиктің" ойындағы екінші голын соғып кетті. Ал кездесу аяқталар тұста Гриффитс шотландиялық команданың үшінші голын соқты.

Нəтижесінде қос ойын қорытындысы бойына "Селтик" Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты. Ал "Астана" Еуропа лигасының топтық кезеңінде бақ сынайтын болады.