«Қайрат» - «Алашкерт» кездесуінің ең үздік сәттері

«Қайрат» - «Алашкерт» кездесуінің ең үздік сәттері
Фото: massaget.kz

Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында Алматының «Қайраты» өз алаңында Арменияның «Алашкерт» клубын ойсырата жеңіп, келесі кезеңге өтуге нықтап қадам жасады. Алматының орталық стадионына жиналған жанкүйерлер көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Ал біз сіздерге тартысты өткен ойыннан фотобаян ұсынамыз.  

Ойындағы ең үздік сәттерді фотобаян арқылы тамашалай отырыңыздар: 

Ойын алдында бишілер ортада өнер көрсетіп, жанкүйерлердің көңілін бір серпілтті.

Бас қазы Сергей Иванов ойыншыларды алаңға бастап шықты.

Командалар қол алысып, Еуропа лигасының үшінші кезеңіне берілер жолдамаға таласты бастап кетті.

Қос капитан төрешілермен қол алысып, алаң мен допты таңдады.

Ойынды ширақ бастаған «Қайрат» ойыншылары қарсылас қақпашысын қысымға алды.

Бұрыштамадан асырылған пас кезінде қонақтар сәтті ойнай білді.

Шабуылшы Жерар Гоу Геворг Каспаров қорғаған қақпаны жиі торуылдаумен болды. 

Ал бұл сәтте қонақтар қорғаушысы Сито Риераға қарсы ойын ережесін бұзып, бас қазы пенальти белгілеген болатын.

«Қайраттың» испаниялық легионері дәрігерлер көмегіне жүгінді. 

Бауыржан Исламхан 11 метрлік айып соққысын сәтті орындап, ойындағы есепті ашты. Геворг Каспаров доптың бағытын бағамдап үлгергенмен, қайтаруға қауқары жетпеді. 

Футболшылармен қатар, жанкүйерлер қуанышында да шек болмады.

«Қайраттың» фан-клубы ойын соңына дейін сүйікті командаларына тікесінен тік тұрып қолдау көрсетті.

Бауыржан Исламхан «Алашкертке» қарсы үздік ойындарының бірін өткізді. 

Жерар Гоу гол соғуға берілген мүмкіндігін жиі пайдалана алмаумен болды. 

Бойшаң бойлы Жарко Маркович бұрыштама добы кезінде гол соғуға талпынғанмен, армениялық клуб қорғаушылары стандартты жағдайлар кезінде қателікке бой алдырмады. 

Гоу голын көп күттірмеді. 55 минутта қонақтар қақпасына екінші голды тоғытты.

Ивуарлық шабуылшы Еуропа лигасында осыған дейін 1 гол соғып, 2 нәтижелі пас берген болатын. 

Жақында ғана «Қайрат» сапын толықтырған Анатолий Тимощук өзінің екінші ойынын өткізді. 

Исламбек Қуаттың орнына кірген «Қайраттың» жаңа легионері Джордже Деспотович 69 минутта есепті 3:0-ге жеткізді. 

Қорғанысы сыр берген «Алашкерт» футболшылары кездесу соңында есепті қысқартуға ұмтылғанмен, шабуылдарынан нәтиже шықпады. Владимир Плотников бірнеше сәтте командасын голдан құтқарып қалды. 

Кездесуде Владимир Вайсс өнерін жоғары бағалаған ойыншылардың бірі - Исаэль. Ол команданың гол соғуына барынша көмегін тигізді. 

Кездесу соңынан «Қайрат» ойыншылары жиналған жанкүйерлерге алғыстарын білдірді. 

О. Сансызбай