«Қайрат» Алматыда «Алашкертті» ойсырата ұтты (видео)

«Қайрат» Алматыда «Алашкертті» ойсырата ұтты (видео)
Фото: massaget.kz

Алматының «Қайрат» футбол клубы Еуропадағы бәсі жағынан екінші орында тұрған Еуропа лигасының екінші айналымында Арменияның «Алашкерт» клубымен кездесіп, 3:0 есебімен жеңіске жетті. 

Негізі, ойын алдында көптеген отандық спорт порталдары армениялық клубқа қарсы алматылық клубтың бірнеше ойыншылары алаңға шықпайды деген ақпарат таратқан болатын. Тарқатып айтар болсақ, «Алашкертке» қарсы ойында «Қайраттың» сербиялық қорғаушысы Жарко Маркович пен ел біріншілігінің үздік сұрмергені, ивуарлық Жерар Гоу ойынға қатыспайтын болды деген мәліметті көзіміз шалды. Себеп - бұл екі футболшы да Еуропа лигасының алғашқы іріктеу кезеңінде екі сары қағаз алған болатын. Рас, аталмыш екі аяқдопшылардың еншісінде екі сары қағаздан бар. Алайда, олардың алаңға шықпайды дегені шындыққа жанаспады. Өйткені, Еуропа лигасының іріктеу кезеңдерінде футболшы әр үшінші сары қағазынан кейін бір ойынға қатысу құқығынан айырылады. Сондықтан да армениялық клубқа қарсы ойынға Владимир Вайсс өзінің кіл мықты деген ойыншыларын шығарды. Тіпті, «Црвена Звезда» клубына қарсы сәтті ойнаған Марк Гурманды негізгі құрамнан алып тастап, оның орнына соңғы жылдардағы Украинаның ең танымал футболшыларының бірі, жаңа легионер - Анатолий Тимощукқа сенім артты. 

Алатау баурайында өткен аталмыш ойынның алғашқы минуттарынан бастап алматылықтар өте белсенді өнер көрсетті. Әсіресе, «Қайраттың» шабуыл шебіндегі төрттігі - Бауыржан Исламхан, Сито Риера, Исаэль және Жерар Гоу сәт сайын қарсылас қақпасына қауіпті сәттер ұйымдастырды. Сондай қауіпті шабуылдардың бірінде «Қайраттың» капитаны Бауыржан Исламхан бұрыштан доп асырған еді. Орташа биіктікте ұшқан допқа бірінші болып біздің испаниялық легионеріміз Риера қабылдауға бара жатқан. Дегенмен, дәл сол сәтте «Алашкерттің» қорғаушысы Ситоны шалып құлатты. Бұл сәттің барлығын да жақын қашықтықтан бақылап тұрған кездесудің бас төрешісі ресейлік Сергей Иванов еш ойланбастан-ақ он бір метрлік айып добын белгіледі. Нүктеге келген Бауыржан Исламхан қақпашыдан айласын асырып, кездесудегі есепті ашты.

Бұдан кейін қонақ команданың футболшыларды ойынды өз қолдарына алуға тырысқан болатын. Бірақ, алматылықтардың бойшаң қорғаушылары Жарко Маркович пен Бруно Соарес армениялықтардың шабуылшыларын тұсап ұстады. Ал, бірінші кезеңнің аяқталуына бес минуттай уақыт қалған кезде Гоудың гол соғатын мүмкіндігі болды. Сито Риерадан пас алған шабуылшы Геворг Каспаровпен жеке-дара шықты. Тіпті соққы да бағыттап үлгерген. Алайда, алаң жиегінде орналасқан төреші жалаушасын көтеріп, Жерардың ойыннан тыс қалғанын анықтады.

Біріші таймда жолы болмаған Гоудың екінші таймда қанжығасы майланды. Алаң жиегінен асырылған допқа бірінші жеткен ивуарлық шабуылшы есепті еселеді. Дәл осы сәтте "Алашкерт" футболшыларының салы суға кеткенін байқаған Владимир Вайсс командасына өзгеріс енгізіп, алаңға екінші шабуылшы - Джордже Деспетовичті шығарды. Әрине, бапкердің мұндай қадамы көпшілікке түсінікті де болған шығар. Словакиялық бапкер қос матчтан тұратын ойынның тағдырын Алматыда шешіп тастауды көздеді. Мойындау керек, Вайсстың бұл ойлағаны жүзеге асты. 

Кездесудің 69 минутында жуырда ғана «Жетісу» сапынан ауысып келген Джодже Деспетович таблодағы есепті 3:0-ге дейін жеткізді. Нәтижесінде қазақстандық клуб үшінші кезеңге өтуге нықтап қадам жасады. Қарымта кездесу бір аптадан кейін Арменияда өтеді.

«Қайрат» (Қазақстан) – «Алашкерт» (Армения) 3:0 (1:0)

Голдар: Исламхан 13 (1:0), Гоу 55 (2:0), Деспотович 69 (3:0)

«Қайрат»: Плотников, Соарес, Қуантаев, Маркович, Исаэль, Исламхан (Көкеев 90), Қуат (Деспотович 64), Лунин, Риера, Тимощук, Гоу (Гурман 86)

«Алашкерт»: Каспаров, Аракелян, Минасян, Погосян, Усеня, Фофана, Барегамян, Веранян, Григорян, Гезалян (Эбер 73), Манасян (Казарян 57)

Ескертулер: Соарес 28, Григорян 50, Риера 91

Төрешілер: Сергей Иванов, Вячеслав Семенов, Валерий Данченко (барлығы Ресейден)

16.07.2015. Алматы қ., Орталық стадион.

Кездесу статистикасы:

Допқа иелік ету: 59% — 41%
Қақпаға соққы: 21 — 7
Қақпаға дәл соққы: 10 — 4
Ереже бұзу: 9 — 14
Офсайдтар: 4 — 0
Бұрыштама добы: 7 — 1
Сары қағаз: 2 — 1
Ойыншы алмасу: 3 — 3. 

Ө. Сансызбай