Ал, халайық, театрға барайық!

Ал, халайық, театрға барайық!

Құрметті алматылықтар және қала қонақтары, табалдырығымызды күз аттап кіргелі көп те болған жоқ. Бәріміз бір атаның баласындай болып жүріп, қала күнін де атап өттік. Мәдениет мен руханияттың қаймағы сақталған бұл Алматыға бір нәрсе жетіспей жүрді. Саф өнерден сусындағысы келген халық кеш түсісімен-ақ сыртқа асығады. Сыртта не бар екен? Түнгі клуб па? Жоқ, халықтың іздегені ол емес еді... Халықтың іздегені – театр еді. Сүйікті өнер ордалары шымылдығын ашпайынша, театр жаққа елеңдеп жүрген өнерге бір табан жақын жандар жанын қоярға жер табар емес. Ендеше, сүйінші! Жақында сіздер киелі сахнадағы сүйікті кейіпкерлеріңізбен қауышатын боласыздар!

Биылғы маусымның алғашқы қойылымдарын сіздер Қазақ Мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драма театрынан және Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрынан көре аласыздар! Қай күні дейсіз бе? Қазанның үші күні қос қара шаңырақта қатар театр маусымының лентасы кесілмек.

Қазақ Мемлекеттік М. Әуезов атындағы академиялық драма театры өткен театр маусымының шымылдығын жапқан «Абай» трагедиясымен шымылдықты қайта ашпақ. Қоюшы-режиссер: Е.Обаев, қоюшы-суретші: Е.Тұяқов. Билет құны 300-600 теңге. Қазан айында бұл өнер ордасында ешқандай да жаңа қойылымның тұсауы кесілмейді. 87-маусымының пердесін түріп жатқан өнер ордасына шығармашылық тілейміз!

Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театры да 67-маусымның ашылуына қызу дайындалып кетті. Өйткені дәл бір аптадан соң, театр табалдырығын өздері жаққа бүйрегі бұрып жүрген халық аттайды. Өнер ордасы қазанның үші күні «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» трагедиясымен жаңа маусымның шымылдығын ашпақ. Қоюшы режиссері – Жанат Хаджиев. Қоюшы суретшісі – Ерлан Тұяқов. Билет құны 250-500 теңге.

Театр ұжымы қазан айында жаңа қойылымның тұсауын кеспек. «Ай-Қарагөз...» деп аталатын трагедиялық қойылымның авторы М. Әуезов, ал режиссері Т. Теменов. 4 қазан, жұма күні осы су жаңа спектакльдің көрермені болу бақыты бұйырсын сіздерге!

М. Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының 80-маусымының ашылуы қазанның бесіне жоспарланып отыр.

Театр жаңа маусымын жаңа қойылыммен ашпақ. Театр маусымын ашуға дайын тұрған «Үй» («Дом») қойылымын қазіргі заманның сахналануында тамашалайтын боласыздар. Билет құны 1000-1200 теңге.

Өнер десе, ішкен асын жерге қояр халқының құмарын қандырмақ боп қайта есігін ашқан өнер ордаларына шығармашылық шабыт тілейміз!

Ал, халайық, театрға барайық!

Дайындаған: Ақерке Әбілхан

Суреттер: kit.gov.kz, yvi.kz, almaty-hotels.net, markonmedia.com

А. Әбілхан